Қызылордада мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz Мемлекеттік рәміздер аллеясында рәміздер күніне орай салтанатты шара өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев аймақ тұрғындарын құттықтап, ел тарихын қалыптастырудағы мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын атап өтті.
"Мемлекет мәртебесін айқындайтын негізгі құндылықтар мен ұстанымдар тарих толқынында шыңдалып, уақыт тезіне төтеп беретін дәрежеге көтерілу арқылы қалыптасатыны белгілі. Бұл ретте мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Гимн бір сәтте ғайыптан пайда болмай, сан ғасырларды артта қалдырып, бекіді. Рәміздер – Қазақстан деген дербес мемлекеттің әлем картасында бар екенінің бірегей белгісі. Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: "Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер", - деді аймақ басшысы.
Дәстүр бойынша, бүгін аймақтың және Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосқан сырбойылықтар марапатталды. Олардың қатарында Қазалы аудандық ауруханасының нейрохирургі Кенесары Баспаев, бокстан Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасының мүшесі, спорт шебері Тұрсынбай Құлахмет, облыстық "Ерлік" үйлестіру кеңесінің және Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы Қайраддин Баймаханов, шахматтан әлем чемпионы Назерке Нұрғали және №2 "Мұрагер" мектебінің 11 сынып оқушысы Евгений Демиденко және Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Марғұлан Ахметовке Алғыс хат табысталды.
Өз кезегінде шахматшы Назерке Нұрғали аймақ басшысына жергілікті спортшыларға жасалған қолдауы үшін алғыс айтты.
"Біз, Сыр өңірінің спортшылары Әлемдік спорттық ареналарда көк туымызды желбіретіп, мемлекеттік гимніміздің шырқалуына бар күш-жігерімізді аямаймыз. Мүмкіндігінше бізге сенген еліміздің сенімін ақтауға тырысамыз. Соның арқасында еліміз спорттық державаға айналды. Алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің көк туын көкте желбіретуге уәде беремін", – деді Н.Нұрғали.
Сондай-ақ, рәміздер аллеясында мемлекеттік қызметкерлер мен әскери қызметшілердің ант беру рәсімі өтті. Шара концерттік бағдарламамен жалғасты.