Қоғалыкөлдегі көне шаһар туристік кешенге сұранып тұр
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Қоғалыкөлден тағы бір көне қала орны табылды» дегенді естігенде ауылдағылардың елеңдегені анық. Іргедегі Баршынкенттің талай сыры әлдеқашан белгілі болған. Осы күнге дейін 300-ден астам қала қазған белгілі археолог Мадияр Елеуов бастаған мамандар да ескі шаһар орнында жұмыс істеп жатыр. Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған сапар барысында талай сырға қанықтық.
Расымен, талай тұлға шыққан киелі топырақты басқанда бойыңды бір ерекше толқыныс билейді. Әдепкіде жай ғана төбе секілді көрінетін мекеннің жанына барып қарасаңыз, қазылып, уақыты мен дәуірі анықталған қаланың орны екенін түсінесіз. Тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов екі жыл бұрын басталған жұмыстың нәтижесімен таныстырды.
«Болжам бойынша бұл мекен 13 ғасырларда сән-салтанаты келіскен шаһар болған. ХІХ-ХХ ғасырларда әдепкі зерттеу жұмыстары жүргізілген. Ал 1960 жылы Әуелбек Қоңыратбаев, кейіннен Әлкей Марғұлан зерттеді. Дегенмен, бұл жұмыстардың барлығы әуесқой зерттеу болатын», – деді профессор М.Елеуов.
Қазір бұл маңды толық жобаға түсірген. Тіпті, Арқадан шыққан Сарысу жолының Телікөл арқылы осы өңірді басып өтіп Үргенішке кетуі де ықтимал екенін алға тартады мамандар. Сонда кәдімгі үлкен жол, одан қалды сауда керуенінің жолы болуы ғажап емес. Зерттеудің нәтижесін көп жағдайда сол маңнан табылған тиын мен жерлеу мәдениеті нақтылай түседі. Бұл жерден тиын да табылған. Адам жерлеудің үш түрлі кезеңі көрініс тапқан.
Арал мен Жаңақорған аралығында мұндай ортағасырлық қалалар тізбегі жетерлік. Олардың барлығын бір уақытта ашу мүмкін де емес. Сол себепті тамырсыз тасында да тарих сайрап тұрған Сырдағы бір қаланың өзі талай сырға қанықтырады. Зерттеушілердің айтуынша, мұнда қыш күйдіретін арнайы пеш те табылыпты. Осыған дейін әуесқой зерттеушілер мұндағы қыш құрамы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіндегі қышпен бірдей деген уәж айтқан.
«Қасында құм сақтайтын бөлмесі болған. Мұнда қышты қолданудың кең тарағанына қарап, әлі де талай пештер табылатынына сенімдімін. Төбесі күмбез болып келеді. Ал мына маңдағы ғимарат медресе болған деген жорамал бар. Қараңыз, сегізбұрышты белгі әрбір бөлмеде кездеседі. Екі есігі бар. Бірі үлкен көшеге, бірі мына жаққа шығып кетеді. Бұл сегіз бұрыш дегеніңізді мен жан-жақтан сұрастырып жатырмын. Аналогиясын аша алмай отырмыз. Орта Азияда мұндай белгі шықпаған. Бұл жерді туристік аймаққа айналдыруды ұсынып отырғаным, мұндай нәрсе, мұндай ауқымды медресе тіпті астана болған Сығанақта да табылмаған. Енді маңызын ойлай беріңіз», - дейді Мадияр Елеуов.
Бұл аумақтан арабша жазуы бар боялған қыш табылды. Айтпақшы, медресе болған деуге негіз бар. ХІІІ ғасырдың орта шенінде әйгілі Жамал Қашғи «...үлкен ауыл бар екен. Нағыз білгір, ғұламадан сабақ алдым» деп жазады Баршынкент туралы.
Расында, еңбектің нәтижесі көзге көрініп тұр. Оны ұйымдастырушы мекеменің директоры Сапар Көзейбаев та нықтап айтты.
«Өткен жылы ғана қаржы бөлініп, екі жылдағы еселі еңбектің нәтижесін көрдік. Екі жыл ғылымға түк емес, бірақ мынадай қаланы ашу... Отыз-қырық жыл қазылып жатқан қалалар бар. Әсіресе, мына медресенің маңызы жоғары», – деді ол.
Туған жердің топырағында тарихтан қалған белгіні іздеуге ауыл жігіттері де үлес қосып жатыр. Отыз шақты жігіт көмілген қаланы топырақтан ашуда еңбек етуде. Солардың бірі – Алтынбек Ибадуллаев.
«Бізге күнделікті еңбегімізге ақысын да береді. Әйткенмен, онан бұрын ауыл іргесінен табылған осынау қаланың құмнан ашылуына үлес қосқаның мақтаныш қой», – деді қоғалыкөлдік жас.