7-20-25: Ипотека алушының нотариустық шығындары 10 мың теңгеден аспауы керек
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыз алған азамат жекеменшік нотариустан куәландыру қызметі үшін артық төлеген қаржысын қайтарып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кейін клиент Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа ала отырып, нотариусқа жүгініп, одан заңсыз ұсталған соманы қайтаруды талап етеді. Қазақстан Республикасының Салық кодексіне және «Нотариат туралы» ҚР Заңына сәйкес ипотекалық тұрғын үй қарызының қаражаты есебінен сатып алынатын жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шартын куәландыру бойынша нотариаттық қызметтің құны нотариаттық іс-әрекеттерін жасағаны үшін мемлекеттік баждың құнынан (2 АЕК) және техникалық және құқықтық сипаттағы нотариаттық іс-әрекеттері құнынан (2АЕК) құралады және 4 АЕК болады.
Алайда, нотариус талап етілетін соманы қайтарудан бас тартып, осыдан кейін қарыз алушы сотқа жүгінген. «Баспана» ипотекалық ұйымы қарыз алушының дәлелдерін қолдай отырып, сотқа «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу тәртібі мен талаптары туралы түсініктеме берді. Нәтижесінде клиент азаматтық істі жеңіп, артық төлеген 32 825 теңге мөлшеріндегі соманы қайтарып алды.
«Тұрғын үйді ипотека есебінен сатып алған жағдайда, қарыз алушылардың шығындары 2019 жылы 4 АЕК немесе 10 100 теңге болуы тиіс», - деп атап көрсетті ипотекалық ұйым басшылығы.
Маусымның басындағы жағдай бойынша, нотариустар «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді сатып алу-сатудың 6 700 шартын куәлендірген.