Қазақстанда жолаушылар пойызына билет сатып алудың жетілген жүйесі іске қосылады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда жолаушылар пойызына жол жүру билеттерін сатып алудың жетілдірілген жүйесі іске қосылады, ҚазАқпарат хабарлайды.
«2019 жылдың 1-ші шілдесінен бастап компания тасымалдайтын барша бағыттарға электронды жол жүру билеттері жаңа автоматтындырылған және заман талабына сай жетілдірілген жүйе арқылы сатылады. Бұл жүйе жолаушылардың қайтарған билеттерін белгіленген уақыт аралығында ғана сатылымға шығарады. Яғни алып-сатарларға жемқорлықпен айналысуға бөгет болады. Жаңа жүйенің енуі билет құнына әсер етпейтінін ескертеміз»,- деп атап өтті компания өкілдері.
Ұлттық тасымалдаушы алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмысын жалғастырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресін күшейтпек.
«Егер де билетсіз отырған жолаушы не болмаса заңсыз рәсімделген жүк тасымалына тап болсаңыз - фотобейне түсіріп, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының блогына http://www.temirzholy.kz/blog-predsedatelya-pravleniya/ жазып жіберулеріңізді сұраймыз! Біз міндетті түрде шара қолданамыз!», - деп атап өтеді баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың 29 наурызында «ҚТЖ» ҰК» АҚ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі арасында теміржол тасымалы саласында тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі жол картасына үш жақты қол қойылған болатын.