3 маусым: Ел тарихында орын алған оқиғалар
1925 жылы Қырғыз елімен арадағы шекараны межелеуге байланысты Шу облысы «уезд құқығындағы аудан» (орталығы - Георгиевка селосы) мәртебесін алды. 1994 жылы ТМД-ға қатысушы елдерге «Мемлекеттердің Еуразиялық одағын құру туралы» жобасы жіберілді. Еуразиялық Одақ идеясы дегеніміз ең алдымен аумақтық тұтастығын, саяси егемендігін және мемлекеттердің басқа да тұрақты сипаттамаларын сақтайтын тәуелсіз мемлекеттердің экономикалық одағының идеясы болып табылады. Интеграцияның жаңа деңгейі бір сәтте жаңа мемлекеттердің шекаралары арқылы бөлініп қалған көптеген адамдардың күнделікті проблемаларын шешуге мүмкіндік береді.
1999 жылы Халықаралық «Алматы инвестициялық саммиті» өз жұмысын бастады. Оған 22 елден 160 компанияның 300-ден астам басшылары мен өкілдері қатысты.
1999 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ішіндегі Кіші Ақсарайға қазақ халқының хандары мен билерінің мүрделері қайта жерленді. 1999 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ана тілінің айбары» белгісі тапсырылды.
2014 жылы Венгрияда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев мүсінінің салтанатты ашылуы өтті. Мүсін Венгрия астанасы Будапешттің Астана көшесіне орнатылды.
2014 жылы Қызылордада жергілікті «Қайсар» футбол клубының орталығы ашылды. Мақсат - болашақ қазақстандық футбол жұлдыздарын тәрбиелеу.