Қызылордада саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған еске алу шарасы өтті.
Шарада облыс әкімі Қ.Көшербаев қазақ тарихында миллиондаған талай жанның өмірін қиған бірқатар қайғылы оқиғалар орын алғанын атап өтті. Олардың бірі – 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық.
«1992 жылы осы мәселені арнайы зерттеген Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Төралқасының комиссиясы өзінің қорытындысында: «Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ, табиғи өлім деңгейінің ұдайы жоғары болуынан 2 млн. 200 мың адамнан, яғни, барлық қазақ халқының 48 пайызынан айырылды», - деп жазды. Аштықтан, негізінен, жас балалар мен әйелдер қырылғандықтан қазақтардың өсуі қатты тежелді. Кейін бұл аштық «Қызыл қырғын», «голощекиндік геноцид» деген атауға ие болды.
Голощекиндік зұлматтың қазақ халқына алып келген шығыны әлем тарихында гитлершілдердің Европадағы еврейлерге жасаған сойқанымен пара-пар келіп, Кампучиядағы «Қызыл кхмерлер» зардабынан асып түсті. Бұл зұлмат ХХ ғасырдағы адамзат баласына қарсы жасалған ең өрескел қылмыстың бірі болып саналады.», - деді аймақ басшысы.
Шара барысында құрбандарды еске алу мақсатымен бір минуттық үнсіздік жарияланып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.