Ұлыбританиялық ғалым АЛЖИР мен ҚарЛаг-ты «Қаралы туризм» бағытында насихаттауды ұсынды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. ГУЛАГ музейлерін зерттеумен айналысатын Глазго университетінің (Ұлыбритания) профессоры Гийом Тибергиен ҚарЛаг пен АЛЖИР-дің Қазақстан туризміне қалай ықпал етуі мүмкіндігіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, аталған екі нысанды «қаралы туризм» бағытында насихаттау қажет.
«Қазақстанда ГУЛАГ лагерьлері жұмыс істеді және репрессияға ұшырағандар көп болды. Әсіресе, ең негізгі екі музей - ҚарЛаг пен АЛЖИР-ді қазір «қаралы туризмде» тиімді пайдалануға болады. Қарағандының оңтүстігіне қарай 50 шақырым жерде орналасқан ҚарЛаг - Қазақстандағы ең ірі музейлердің бірі. Әрине, өз уақытында бұл үлкен қайғылы орын болды және қазір туризмдік мақсатта аса дамымаған. Өткен жылы лагерьге келген туристер саны 26-27 мың адам шамасында болған. Бұл өте төмен көрсеткіш. Мәселен, Холокост музейіне миллиондаған адам келеді. Неге туристер бұл музейлерге келмейді, неге шетелдіктер Қазақстанда осындай тарихи орынның бар екенін білмейді?», - деді Гийом Тибергиен М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде өткен Қазақстандағы ГУЛАГ туризмін дамыту туралы ғылыми семинарда.
Зерттеушілер қос лагерьдің туристерді тарту үшін қолданатын техникаларына, белсенділігіне және архитектурасына талдау жасап көрді.
«АЛЖИР архитектурасы шетелдік туристер үшін сәл түсініксіз. Біз музейге қатысы бар бірнеше адаммен сұхбаттасып көрдік. Олар АЛЖИР музейінің формасын түсіне алмады. Ал сәулетшімен сөйлескенімізде, АЛЖИР ғимараттарында бір ғана терезенің болғанын және оны шындықтың бір күні ашылатыны туралы философиямен байланыстырғанын айтты. Яғни, сәулеттік идеяны барлық турист түсіне бермейді. Ал ҚарЛаг ғимаратының түпнұсқа күйінде сақталғанын көпшілік біле бермейді», - деді Гийом.
ҚарЛаг-тағы жәдігерлер классикалық үлгіде қойылған және оқиға атмосферасын тудыру үшін диорамалар қолданылған.
«Кейде оқиға аурасын көрсету үшін күшті музыкалар да қоданылады. Бұл қаншалықты дұрыс? Сезімтал жандар мен лагерь тұтқындарының ұрпақтары үшін мұндай әсірелеу артық деп есептеймін. Оның орнына алғашында тас деп ойлаған құрт секілді аңыз-әңгімелер келушілерге өтімдірек болады. Тіпті кей музейлерде азапты жылдар туралы қойылымдар қойылады. Мұны да оқиға құрбандарына құрметсіздік деп есептеймін. Алайда, балаларға және жастарға тарихи оқиғаны түсіндірудің ең тиімді жолы - осы болып отыр. Осылайша, жастар өткен ғасырдың ең қайлығы сәттерін ұғына алады», - деді ғалым.
Сонымен бірге, Г. Тибергиен лагерь құрбандары жерленген орынды табудың қиын екенін жеткізді.
«Лагерь құрбандарының жерленген орны - трагедияның шын мәнінде болғанын айғақтайтын факт. Досым екеуміз Алжир құрбандары жерленген орынды тапқымыз келді. Егер сіз турист болсаңыз және орыс тілін білмесеңіз, бұл орынды таба алмайсыз. Зираттың қасында шағын фермалар орналасқан. Бірақ, еш жерде Алжир құрбандарының жерленгені туралы жол көрсететін белгі жоқ. Зират маңында құрбандар туралы ақпарат жоқ. Спасскте де болдық, онда да дәл осындай жағдай. Бізді бұл таңғалдырды», - деді ол.
Сөз соңында зерттеуші «қаралы туризмде» ҚарЛаг пен АЛЖИР-ді жарнамалауға қажетті өз кеңестерін берді.
«ҚарЛаг пен АЛЖИР-дің арасы бір-біріне жақын. Сол маңайдағы туризмді дамытуға болады. Ол үшін маңдайша жазулары мен жол көрсететін белгілерді көбейту керек. Қоғамдық көлікті жүйелеп, экскурсиялар жасау және әлеуметтік желіде белсенді насихаттау да көмектеседі», - деді Гийом Тибергиен.