Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен экспортын арттыру бойынша жобалар жүзеге асырылады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Суармалы жерлер жүйесін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және экспорттау мәселелері Қызылорда облысының 2022 жылға дейінгі Кешенді даму жоспарына енгізілді. Бұл туралы брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов хабарлады.
Ал, Агроөнеркәсіптік кешен блогында жаңа суармалы жерлерді енгізумен және қолданыстағыларын қайта жаңартумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсуіне және оның экспортын одан әрі арттыруға назар аударылатын болады.
"Атап айтқанда, егіс алқаптарын әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін майлы және мал азықтық дақылдарының алқабын ұлғайту жоспарлануда. Яғни, майлы дақылдар алқабын 8,5 мың гектардан 20 мың гектарға дейін, мал азықтық дақылдар алқаптары 60,7 мың гектардан 78,0 мың гектарға дейін артпақ. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығының дамуына үлесін тигізетін болады", - деп атап өтті Қуанышбек Ысқақов.
Сондай - ақ, аймақта ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін дамытуға бағытталған бірнеше жобалар жүзеге асырылатын болады. Олар - қызанақ өсіру алаңын 3,0 мың га дейін ұлғайту, және қызанақ концентратын шығару бойынша өндірісін ұйымдастыру; Қызылорда қаласында қуаты 5 мың тонналық ет комбинатының құрылысы; Қызылорда облысында ет бағытындағы заманауи құс фабрикасының құрылысы жобалары.
Бұдан басқа, өнімділігі жоғары, суды аз қажет ететін және нарықта сұранысқа ие дақылдар егу мақсатында суармалы жерлердің көлемін жаңа 80 мың гектар жерлерді енгізу арқылы 300 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 7 ақпанында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында кеңес төрағасы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үкіметтің бастамасымен Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік – экономикалық дамуының Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта кешенді жоспар әзірленді, құны 219,7 млрд.теңге болатын 119 іс-шарадан тұрады. Оның 156,7 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, 50,6 млрд.теңгесі жергілікті бюджеттен, қалған 12,4 млрд. теңгесі басқа көздерден болмақ.
28 мамыр күні ҚР Үкіметінің отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды.