Қызылорда облысы: шағын және орта бизнес кәсіпорындарында 2022 жылға дейін 3000 жуық жаңа жұмыс орны құрылады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысын дамытудың Кешенді жоспары аясында 3 мың жаңа жұмыс орны ашылып, шағын және орта бизнесті қолдау бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов брифингте хабарлады.
"Кәсіпкерлікті дамыту бөлігінде «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы шеңберінде өңірдегі бизнесті дамытуды ынталандыру бойынша 10,7 млрд. теңге сомасында 6 іс-шараны жүзеге асыру жоспарлануда. Кешенді жоспар аясында 4 жыл ішінде 620 жоба бойынша несиелендіруді субсидиялау, 300 жоба бойынша кредиттер бойынша ішінара кепілдік беру, 55 жоба бойынша мемлекеттік гранттар ұсыну және 63 жоба бойынша шағын несиелер беру жоспарлануда. Аталған жұмыстар нәтижесінде шағын және орта бизнес саласында қосымша 3 мыңға дейін жаңа жұмыс орындары құрылатын болады," - деді Қуанышбек Ысқақов.
Қабылданған шаралар арқылы алдағы 2 жылда (2019-2020 жж.) жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 20% (2018 жыл-14,4%), ал 2022 жылдың қорытындысымен 30%-ға дейін артады деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 7 ақпанында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында кеңес төрағасы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үкіметтің бастамасымен Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік – экономикалық дамуының Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта кешенді жоспар әзірленді, құны 219,7 млрд.теңге болатын 119 іс-шарадан тұрады. Оның 156,7 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, 50,6 млрд.теңгесі жергілікті бюджеттен, қалған 12,4 млрд. теңгесі басқа көздерден болмақ.
28 мамыр күні ҚР Үкіметінің отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды.