"Байқоңыр" кешенінде ойын сауық-туристік аймақ құрылады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. "Байқоңыр" кешенінде арнайы экономикалық аймақ құру шеңберінде халықаралық талапқа сай ойын сауық-туристік аймақ құрылысының жобасы іске асырылатын болады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов 2019-2022 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспары туралы өткен брифингте мәлімдеді.
"«Байқоңыр» кешенінде арнайы экономикалық аймақ құру Байқоңыр қаласының сондай-ақ жалпы өңірдің экономикасын өсірудің локомотиві болмақ, онда көп салалы өнеркәсіп және ғарыштық туризм салаларын дамытудың арқасында инвестициялар ағыны ұлғайып, жаңа жұмыс орындары құрылады деп күтілуде. Жоба мемлекеттер басшыларының және үкіметаралық комиссия тарапынан қолдау тапты", - деді Қуанышбек Ысқақов.
Бұл жұмыстар аясында жұмыс тобы құрылып, Тұжырымдама жобасы әзірленді. Оның негізгі бағыттары «Байкоңыр» халықаралық ғарыш портын құру, жоғары технологиялық өнеркәсіп өндірісін ұйымдастыру, халықаралық ғарыш туризмін дамыту болып табылады.
"Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Астана» халықаралық қаржы орталығымен «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы экономикалық аймаққа инвестициялар тарту бойынша бірлескен жұмыс тобын құру жұмыстары жүргізілуде. Арнайы экономикалық аймақ құрудағы алғашқы қадам ретінде Байқоңыр қаласы маңында орналасатын «Байқоңыр» ойын сауық – туристік аймағын («Байқоңыр» ОТА) құру жобасы болып табылады. Бұл әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымды (4 және 5 жұлдызды қонақ үйлер) және туристік нысандарды дамытуды, сонымен қатар, халықаралық стандарттарға жетуді көздейді. Облыстық бюджеттен оның құжаттарын әзірлеуге 75 млн. теңге бөлінді", - деді Қ.Ысқақов.
Атап өтейік, «Байқоңыр» ОТА туристік тартымдылық Картасының үздік ондығына енген.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 7 ақпанында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында кеңес төрағасы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үкіметтің бастамасымен Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік – экономикалық дамуының Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта кешенді жоспар әзірленді, құны 219,7 млрд.теңге болатын 119 іс-шарадан тұрады. Оның 156,7 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, 50,6 млрд.теңгесі жергілікті бюджеттен, қалған 12,4 млрд. теңгесі басқа көздерден болмақ.
28 мамыр күні ҚР Үкіметінің отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды.