Кешенді жоспар өңірдің негізгі мәселелерін қамтиды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік–экономикалық дамуының Кешенді жоспары өңірдің негізгі мәселелерін, оның ішінде өндіруші өнеркәсіпті дамытуды қамтиды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов 2019-2022 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары туралы брифингте мәлімдеді.
"Бүгінгі күні, Қызылорда облысында қолданыстағы мұнай-кен орындары 50%-ға сарқылған, сондықтан «Оңтүстік Торғай», «Сырдария» және «Шу-Сарысу» кен орындарында 5 мың метрден аса тереңдікте бұрғылауды жүзеге асыру ұсынылды. Бұл үшін 11 млрд. теңгені қажет ететін тиісті геологиялық - барлау зерттеулер жүргізу қажет. Бұл жұмыстар өз кезегінде жаңа кен орындарын игеріп қана қоймай, сонымен қатар, мұнай сервистік жұмыстардың көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған 3 кен орнында геологиялық зерттеуге 2020 жылға 3,5 млрд. теңге қарастырылады", - деді Қуанышбек Ысқақов.
Бұдан басқа, Кешенді жоспарға Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушыларына ішкі нарыққа мұнай жеткізу ауыртпалығын төмендету бойынша мәселе енгізілді. Өңірдің мұнай-газ секторында мұнай өндіру көлемінің азаюымен қатар өңірдің мұнай компаниялары өндірілген мұнайдың 80% ішкі нарықта төмен бағада сатуға мәжбүр. Өндірілген өнімді сатуда мұндай ара-қатынас (50%50%) мұнай операторларының тапқан табысының бір бөлігін жаңа кен орындарын барлауға және бұрғылауға, сондай-ақ жаңа технологияларды енгізуге бағыттауға мүмкіндік береді. Экспорт үлесін 50 пайызға дейін ұлғайту мұнай операторларына алынған пайданың бір бөлігін жаңа кен орындарын барлау мен бұрғылауға, сондай-ақ жаңа технологияларды енгізуге жіберуге мүмкіндік береді.
Кешенді жоспарға енген тағы бір мәселе – «Байкен - U» кәсіпорнының өндірістік қуаттарын реконструкциялау. 2018 жылы «Байкен-U» ЖШС-нің шикізат көлемі 3 компания арасында («Байкен-U» ЖШС, «Степногор тау-кен химиялық комбинаты» ЖШС, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ) қайта бөлінуі әсерінен уран тотығы-шала тотығын өңдеу көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 18,5% немесе 500 тоннаға төмендеген. Бұл жағдай өңдеу өнеркәсібінің, әсіресе металлургия өнеркәсібінің төмендеуіне әсер етті.
Сондықтан, уран тотығы-шала тотығын өңдеу көлемін жоғарылату мақсатында аталған кәсіпорынның өнім өңдеу көлемін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру ұсынысы енгізіліп, нәтижесінде, 2021 жылға уран тотығы-шала тотығын өңдеуде экстрациялық әдісті қолдану арқылы өндірісті қайта жаңарту туралы «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ-мен шешім қабылданды.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 7 ақпанында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында кеңес төрағасы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үкіметтің бастамасымен Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік – экономикалық дамуының Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта кешенді жоспар әзірленді, құны 219,7 млрд.теңге болатын 119 іс-шарадан тұрады. Оның 156,7 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, 50,6 млрд.теңгесі жергілікті бюджеттен, қалған 12,4 млрд. теңгесі басқа көздерден болмақ.
28 мамыр күні ҚР Үкіметінің отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды.