Қызылордалық «100 жаңа есім» жеңімпаздары жастармен кездесті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының Сыр өңірінен шыққан жеңімпаздары жастармен кездесті.
Жастардың бәсекелік қабілетін дамыту арқылы жетістікке жетелеу, табысты болу, болашаққа сенімін нығайту, озық тәжірибелерімен бөлісу – жоба жеңімпаздарының басты міндеті. Осы орайда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы жоба жеңімпаздары Айдос Сайлығараев, Сымбат Әбідрахманова, сондай-ақ Алматы облысының тумасы ақын Мақпал Мысамен TedTalks форматында кездесу өтті.
Мақпал Мыса жастарға ақындық өнер жайлы ойларымен бөлісіп, білім бәсекесінде озық болуға шақырды. Жастардың сұрақтарына жауап беріп, өлеңдерін оқыды.
Айдос Сайлығараев Қызылорда өңірінде алғашқы кондитер өнімдерін дайындайтын дүкендер желісінің негізін қалаушы кәсіпкер. Қазіргі таңда «Браунис» кондитер дүкендер желісінің өнімдерін Сыр өңірі жұртшылығы жоғары бағалайды. А.Сайлығараев кондитер өнімдерін дайындауда Түркия кәсіпкерлерінің тәжірибесін жетік меңгеріп, аспаздардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлеі. Өнім сапасын жақсартуда шетелдік әріптестермен тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. Кездесуде А.Сайлығараев өз кәсібін ашып, жастарды тұрақты жұмыспен қамту, кәсіби шеберлік мәселелері бойынша тәжірибесімен бөлісті.
Сымбат Әбдірахманова бірнеше тілді меңгерген, педагог-психолог. Ол қазіргі таңда ЮНИСЕФ-тің жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жобасы бойынша бірнеше ғылыми мақалалар жазып, әдістемелік құрал дайындаған. Сондай-ақ, аймақта мектеп бітірушілермен түрлі психологиялық тренингтер өткізіп, жасөспірімдер арасындағы қылмыстық оқиғалардың алдын алуға көмектесіп келеді.
Сымбат ешқандай қаржы қажет етпейтін мультфильмдер дайындаумен айналысады. Әсіресе тіл мүкістігі бар балаларға арналған мультфильмдерін мамандар сабақ барысында пайдаланып жүр. Ол 2018 жылы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арнап, «Сиқырлы кілт» сериялы мультфильмін дайындады. Бұдан бөлек, Сымбаттың бірнеше мультфильмдері облыстық, республикалық «Балапан» телеарнасынан берілуде. С.Әбдірахманова жастарға мақсат қою, армандай білу, жетістікке жетуге байланысты өз тәжірибесімен бөлісті.
TedTalks форматында өткен кездесу жастарға мотивация берері анық. Сонымен бірге кәсіп ашу, қаржысыз өнім дайындау, білім жетілдіруге байланысты тәжірибе жинақтады. Кездесуге қатысқан Ералы Аружан жоба жеңімпаздарының жетістік жолы көп ой салғанын жеткізді. Сондай-ақ, олардың әрқайсысының өмірлік тәжірибесі жастардың өз орнын табуына, уақытты тиімді пайдалануына көмектесері анық екенін айтты.
Шара соңында ұтқыр сұрақ қойған қатысушыларға жеңімпаздар естелік сыйлықтарын ұсынды.