Мәдени – үгіт бригадаларының облыстық байқауы өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданында «Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын» атты мәдени-үгіт бригадаларының облыстық байқауы өтті. Оған Қызылорда қаласы мен аудандардан барлығы 6 мәдени-үгіт бригада қатысты.
Байқауды аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов ашып, қатысушы өнер ұжымдарына сәттілік тіледі.
Әр команда көркемдік деңгейі жоғары, әлеуметтік ойы, сценарийлік құрылымы бар 15 минуттық бағдарлама ұсынды.
Қатысушылардың өнерін кәсіби мамандардан құрылған қазылар алқасы сараптап, байқау нәтижесінде бас жүлдені Қармақшы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Өрлеу» мәдени-үгіт бригадасы иеленді. Ал І орынды Жалағаш аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Арай» халықтық мәдени-үгіт бригадасы иеленсе, ІІ орынды Қызылорда қаласы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған «Бірлік» мәдени-үгіт бригадасы мен Сырдария аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Дала дидары» атты халықтық мәдени-үгіт бригадасы өзара бөлісті. Жүлделі ІІІ орынды Арал аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Көңілашар» халықтық мәдени-үгіт бригадасы мен Жаңақорған аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Дала жұлдыздары» халықтық мәдени-үгіт бригадасы иемденді.