Аштықтан қырылған қазақтың саны қанша: Бір әулеттің есебі
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Өткен ғасыр қазақ халқы үшін саяси қуғын-сүргінге толы болды. Бір-біріне іркес-тіркес келген қос ашаршылықтың өзі-ақ жан санымызды қаншалықты ойсыратып кеткенін ресми тарих әлі нақтылап бере алмай отыр.
«Қазақстан ұлттық энциклопедиясында» келтірілген деректерге сүйенсек, қазақ халқы сол жылдары 48 процентінен айырылған. Ұлттық энциклопедияда былай делінген екен: «Қазақстанның ауыл халқы 1930 жылдың 1 маусымынан 1933 жылдың 1 маусымына дейін 3 млн 379,5 мың адамға кеміп кеткен. Егер бұл кемуден 1 млн-нан астам босқындарды шығарып тастасақ, 1930-1933 жылдардағы аштық құрбандарының 2 млн 200 мың адамнан асып түсетінін аңғарамыз».
Сонымен қатар, 1992 жылы осы мәселемен арнайы айналысып, зерттеген ҚР Жоғарғы Кеңесі төралқасы комиссиясының қорытындысы да бар. Онда аштық пен соған байланысты індеттерден, табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан қазақ елі 2 млн 200 мың адамнан айырылғаны көрсетіліпті.
Расында, ұлт басына түскен бұл нәубет әрбір қазақ отбасын шарпып өтті. Шығыс Қазақстан облысында өмір сүрген республикаға танымал педагог Мұхамет Шаяхметов те осыдан бірнеше жыл бұрын «Тағдыр» атты автобиографиялық кітабында өз әулетінің тарихын, ашаршылықтың бір әулетке қалай әсер еткенін жазған болатын. Осы арқылы автор қазақ ұлтының өсімі қалай қолдан тежелгенін жіліктеп талдауға тырысқан екен. 31 мамырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұстаздың сол деректерін қазақшалап ұсынып отырмыз.
Тарихқа үкім айтып, тұжырым жасайтындай Мұхамет Шаяхметов деген кім еді деуіңіз мүмкін. Ол Шығыстан шыққан көрнекті педагогтардың бірі. Кулактың тұқымы ретінде мектептен қуылып, әкеден ерте жетім қалғанына қарамастан, жоғары білім алып, соғыстан кейінгі жылдарда Күршім және Ұлан аудандарында, Өскемен қаласында мектеп директорлығы қызметтерін атқарды.
2002 жылы орыс тілінде жарық көрген «Тағдыр» атты кітабы Мұхамет Шаяхметовтың 1930-45 жылдардағы өмірін қамтыған. Педагог өз әулетіне түскен нәубетті баяндау арқылы сол кездегі Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті қазақтарының тағдырдан тартқан тауқыметін нақты архив деректеріне сүйене отырып береді.
«1930 жылы Шығыстағы қазақтар соңғы рет жайлаудан күзеуге көшті. Одан кейін төрт мезгіл қоныс аудару салты пышақ кескендей тыйылды. Көшпен бірге қазақтар бауырмалдық, уәдеге тоқтау, обал мен сауап дейтін қастерлі ұстанымдардан ажырап қалды» деп бастайды автор.
«Біздің бақуатты әулеттің совет билігі кезіндегі демографиясы бүкіл қазақ халқынікіндей трагедияға толы. 1931 жылы бір атадан 20 еркек кіндікті тараса, ғасыр соңында олардан өскен ұлдардың саны 11 болған. Адамның табиғи өсімі 3 пайыз деп есептегенде 60 жылда 20 еркектен 36 ұл бала өрбуі керек еді. Ал біздің жағдайда нақты өсім саны - 7 адам. Яғни, әулеттің өсімі 5 есеге тежелген. Бүкіл қазақ даласында дәл осындай демографиялық жағдай болды» - делінген кітапта. Кітап авторының айтуынша, 1920-70 жылдар арасында қазақтардың саны мүлде өспеген. Тек 1970 жылы ғана жан санымыз 50 жыл бұрынғы деңгейге жетсе керек.
Бұл тұжырымын Мұхамет Шаяхметов өз әулетінің шежіре кестесі арқылы дәлелдейді.
«Әулеттің басында тұрған Нәуей бабадан 1820-1920 жылдарда 25 еркек кіндікті тараған. Осы 25 еркектен ХХ ғасырда 625 ер бала өрбуі керек болған. Табиғи өсім заңдылықтарын ескере отырып, тең жартысын алғанның өзінде 300 ер адам ұрпақ жалғастыруы керек болған. Ал біздің жағдайда 90 жылдың ішінде ер адамның өсімі 7 адам ғана болып отыр. Совет билігінің 50 жылында тіпті 3 адамға кеміп кеткен. ХХ ғасырда мұндай трагедия қазақтың әр үйін шарпыды» - дейді Мұхамет Шаяхметов.
«1932 жылдың жазында Шығыс Қазақстан даласына аш қазақтардың нөпірі ағылды. Олардың бәрі мұндағы адамдар тоқ отыр деген қауесетке сеніп келген еді. Көбі аңсап шыққан ауылдарға жете алмады. Ал жеткендері не істерге жұмыс, не ішерге ас таппай қиналды. Өскемен, Зырян, Риддер сияқты өнркәсіптік қалалардың басшылары аштықтан босып келген адамдарды аластаудың жолын қарастыра бастады. Мұрағат құжаттарында егінді ауылдар мен қалаларды «аш-арықтардан» тазарту туралы өтініштер мен ұсыныстар, жиналыс хаттамалары сақталған. Мұндай көзқарас 1932 жылдың шілдесінде КСРО Министрлер кеңесінің «Қазақстанның аштыққа ұшыраған халқына көмек ұйымдастыру» туралы қаулысы шыққанда ғана тыйылды. Ал ол кезде аштық бүкіл қазақ даласын түгел жайлап алған еді. Басқаны қойғанда мән-мағынасыз жиындар мен ұраншыл шерулерге жұмсалған қаражаттың өзіне мыңдаған жанды аштықтан құтқаруға болатын еді. Осының бәрін таразылай келе, жан-тәніммен беріліп, адал қызмет еткен жүйенің әділетсіз болғанын түсіндім» - деп жазады педагог Мұхамет Шаяхметов.