Қызылордадағы колония жаңадан қалпына келтірілді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Биыл Қазақстанда 4 түрмені жабу жоспарланған. Оған соңғы 8 жылда елдегі сотталғандардың саны 50 пайызға азаюы себеп болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, 2000 жылы Қазақстан халықаралық түрме рейтингі бойынша 3-орында тұрған. 19 жылдың ішінде сотталғандарды қамтамасыз етуге қолайсыз деп танылған 8 түрме жабылып, 2019 жылғы рейтинг бойынша 95-орынға түскен.
«Осы жылы 4 түрмені жабу жоспарланып отыр. Сотталғандарды жеке камераларға ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы жылдары Қызылордадағы колония мен Алматыдағы тінту изоляторы, сонымен қатар Оралдағы екі колония мен Алматы облысындағы бір колония жаңадан қалпына келтірілді. Қамалғандар мен сотталғандардың қауіпсіздігі үшін мекемелердің барлық жеріне бейнекамера орнату басталды» - дейді министр.
Ол сондай-ақ, қылмыстық атқару жүйесі мен пробация қызметкерлері де бейнетаспамен қамтамасыз етілетінін атады.
«Сотталғандардың өтініштерін электронды түрде жолдау жолға қойылмақ. Бұл үшін мекемеде тиісті терминалдар орнатылады. Мекеме қызметкерлерін бейнетіркегіштермен жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Біздің бастамамыз бойынша, сотталғандарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету ісі Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына берілуі мүмкін. Алматы және Қарағанды облыстарында осы мәселе бойынша ілкімді жоба қолға алынды. Сотталғандардың ең қажет тауарларды электронды дүкендерден сатып алуына, туыстарымен бейне сұхбаттасуына мүмкіндік беретін бірнеше цифрлық жоба әзірленіп жатыр. Алғашқы жоба Ақмола облысында іске қосылды» - деді Ерлан Тұрғымбаев.