Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтіп жатыр
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 және Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімнің 5 жылдығына орай Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеңестің шағын құрамдағы отырысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, РФ Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян қатысып отыр.
Осыдан кейін кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтеді. Оған кеңеске мүше мемлекеттер басшыларымен қатар Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон құрметті қонақ ретінде қатыспақ.
Жалпы отырыс барысында Мемлекет басшылары ЕАЭО дамуының өзекті мәселелері мен болашағын талқылайды. Атап айтқанда, цифрлық дамудың, Одақтың халықаралық қызметінің күн тәртібінде тұрған мәселелері, сондай-ақ 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағдарлары қарастырылады.
Саммит соңында Жоғары Еуразия экономикалық кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының ЕАЭО туралы Келісімнің 5 жылдығына орай Бірлескен мәлімдеме жасауы, сондай-ақ бірқатар халықаралық құжаттарға қол қоюы жоспарланған.