Балаларды уақытылы тамақтандырмайтын балабақша әдіскері жұмыстан босатылды (видео)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Тәрбиеленушілерін дұрыс тамақтандырмайтын қызылордалық «Ералаш-2015-2» балабақшасына қатысты дауға нүкте қойылды.
Мамыр айының алғашқы күнінде Қызылорда қаласының тұрғыны Баян Қарабекова «Facebook» әлеуметтік желісінде «Ералаш-2015-2» балабақшасының бірнеше күннен бері балаларға уақытылы тамақ бермейтінін айтып, аталған балабақшаның асханасын бейнекамераға түсірген болатын.
«Қызылорда қаласы Оқшы ата көшесіндегі «Ералаш» балабақшасында азық түлік жоқ, балаларға неше күннен бері дұрыс тамақ берілмеген. Сонда әр баладан 15 мың теңге не үшін алып отыр, бұған кім жауапты, жаңбырдан соңғы саңырауқулақтай қаптаған балабақшаларды кім тексереді?», - дейді Баян Қарабекова өзіңнің парақшасында.
Бейнежазбадан байқағандай, бұл балабақша асханасында азық-түлік атымен жоқ. Аспазшы таңғы ас жасау үшін қолында ешқандай азық-түліктің жоқтығын айтып түсіндіруде. Ол басшылыққа ұсыныс жасалғанын да айтып өтті.
Таңертеңгі сағат 10-30 болғанымен балалар таңғы астарын ішпеген. Ал асхана қабырғасына ілінген ереже бойынша олар 8-30-да таңғы асқа отыруы қажет. Сондай-ақ мұнда соңғы бір апта көлемінде жаңа ас мәзірі де ілінбеген болып шықты.
Балабақшаның мұндай заңсыздықтарын әшкерелеу кезінде басшылық тарапынан аспазшыға таңғы ас дайындау үшін азық-түлікке деп 3000 теңге әкеліп бергенін анық байқауға болады. Ал бұл балабақшада 82 бала тәрбиеленуде. Осы орайда «Мұнша балаға 3 мың теңге жетеді ме?» деген заңды сауал туындайтыны анық.
«Жаңа ғана менің қолыма 3 мың теңге мен жаңа аптаның ас мәзірін шығарып әкеліп берді. Қазір сағат 10-30 болды. Мен қазір дүкенге барып, азық-түлік әкеліп, таңғы ас даярлап үлгермеймін», - дейді балабақша аспазшысы.
Балабақшаның мұндай заңсыздығына қатысты жауап бір айға жуық уақыттан соң қайтарылды.
«Facebook» әлеуметтік желісінде Қызылорда облысына қатысты мәселелерге тікелей жауап беретін Qyzylorda Open парақшасы қалалық білім бөлімі басшысының бастамасымен 02.05.2019 жылы №111 бұйрығына сәйкес аталмыш жайтты анықтау мақсатында жұмысшы тобы құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілгенін айтты.
«2019 жылдың 30 сәуірінде «Ералаш-2015-2» балабақшасының басшылығы тарапынан шағымда көрсетілгендей қателіктер жіберілгендігі анықталды. Осыған сәйкес, балабақша аспазынан, меңгерушісінен, шаруашылық меңгерушісінен, құрылтайшысынан түсініктеме алынды. Сәйкесінше аспазшы түсініктемесінде өз тарапынан балабақша басшылығына апталық азық-түліктің өтінімі берілсе де, азық-түліктің уақытында әкелінбегендігін, бірақ оқиға орын алған күні балабақша тәрбиеленушілеріне азанғы асқа печенье, тәтті шай берілгендігін көрсетті. Және де балабақшаға негізгі балабақшадан ас ауқатының ас мәзіріне сәйкес әзірленіп, бірақ уақытынан кешігіп сағат 10-30да жеткізілгендігін көрсетті» делінген.
Балабақшаның шаруашылық меңгерушісі оқиға орын алған күні отбасылық жағдайына байланысты ақысыз еңбек демалысын алған. Ол 26-30 сәуір аралығында жұмыста болмаған. Шаруашылық меңгерушісі өз түсініктемесінде апталық азық-түлік өтінімін балабақша басшылығына уақытылы берілгендігін алға тартты.
«Шағымда көрсетілген кемшіліктің орын алуына жол бергені үшін шаруашылық меңгерушісі Н.Д.Саримбетоваға 30.04.2019 жылғы №407 бұйрығымен «ескерту» түріндегі тәртіптік шарасы қолданылды», - дейді Qyzylorda Open өз жауабында.
«Ералаш-2015-2» балабақшасының меңгерушісі А.Жолманова түсініктемесінде өз жұмысына салғырт қарағандығын толық мойындаған. Соның салдарынан апталық азық-түліктің балабақшаға уақытынан кеш, яғни ағымдағы жылдың 30 сәуір күні әкелінгендігін айтты. Ол өз түсініктемесінде алдағы уақытта осыған ұқсас кемшіліктердің орын алмайтындығына уәде берді.
«Шағымда көрсетілген кемшіліктің орын алуына жол бергені үшін балабақша меңгерушісі А.Жолмановаға 30.04.2019 жылғы №406 бұйрығына сәйкес «сөгіс» түріндегі тәртіптік шарасы қолданылды», - дейді Qyzylorda Open.
Аталған оқиға орын алған күні балабақша құрылтайшысы Е.Агатев балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізген.
Зерделеу жұмысы барысында арызданушы ата-ананың баласы әлі күнге дейін балабақшада тәрбиеленіп келетіндігі расталды.
Зерттеу жұмыстары кезінде мүндай олқылыққа жол берген «Ералаш-2015-2» балабақшасының басшылығына жауапты болған балабақша әдіскері А.Боранбаева өз қызметінен босатылды.