Қазақстанда көлік техникалық байқаудан жаңаша өткізіледі: Не өзгереді?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Техникалық байқау станцияларында "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ әзірлеген бағдарламалық жасақтама қолданылады, деп хабарлайды Sputniknews.kz.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автокөліктерді техникалық байқаудан өткізу ережесі өзгеретінін хабарлады.
"Жол қозғалысы туралы" заңға техникалық байқау станциялары қолданатын бағдарламалық жасақтамаға (программное обеспечение) қатысты толықтырулар енгізілді.
"Енді техникалық қызмет көрсету станцияларының иелері бірыңғай оператор – "Ұлттық ақпараттық технологиялар"АҚ ұсынатын бағдарламалық жасақтаманы қолдануы тиіс. Оларға қойылатын талаптар 2019 жылдың шілдесіне дейін бекітілуі керек", - деп хабарлады министр.
Техникалық байқаудан өту тәртібі бұрынғысынша қалады – бұл тұрғыда автокөлік иелері үшін ештеңе өзгермейді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы қазақстандық "Техникалық байқау" IT-жобасы Швейцариядағы WSIS-2018 конкурсында үздік атанды.
"Техникалық байқау" бірыңғай ақпараттық жүйесі техникалық байқаудан өтудің барлық фактісі туралы ақпарат орталықтандырылған, сенімді және уақытылы берілуі үшін, сондай-ақ жол апаттарының себептерін азайтып, Қазақстандағы барлық техникалық байқау орталығын біріктіру мақсатында құрылды", - деп хабарлады "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ.
Жүйе Қазақстанда 2013 жылдан бері қолданылып келеді.