II Спорт және туризм саммиті – Бұрса
Биыл Қазақстанда – Жастар жылы. Ал Түркияда 19 мамыр – Ататүрікті еске алу, Жастар мен спорт мерекесі. Осыған орай, Түркітілдес журналистер қоры еліміздегі жас журналистер мен басқа салада еңбек етіп жүрген жас мамандар үшін Стамбұл-Бұрса-Гемлик-Гүрсу сапарын ұйымдастырып, ІІ Спорт және туризм саммитіне қатысып қайтты.
Анадолы Спорт журналистер ассоциациясы биыл екінші рет өткізген Саммитке Түркия мен түркі елдерінен делегаттар шақырылған.
Шараның талқыланған басты тақырыптардың бірі – журналистика саласының бүгінгі қиындықтары мен мүмкіндіктері. Түркітілдес журналистер қорының басшысы ретінде Саммиттің ашылу салтанатында сөз алған біз түркі елдері БАҚ өкілдерінің жедел ақпарат алмасуы, кәсіби бірлікті нығайту, ортақ жобалар жасау жайлы бірнеше ұсыныс айттық.
Анадолы Спорт журналистері ассоциациясының (ASGD) басшысы Ибрахим Ердоған мырза қазақ делегациясына ІІ Спорт және туризм саммитіне қатысқаны үшін алғыс айта келе, Түркітілдес журналистер қорының басшысын арнайы сыйлықпен марапаттады.
Түркі мемлекеттеріндегі журналистермен тығыз қарым-қатынаста болуды мақсат ететін Түркітілдес журналистер қоры Түркия журналистері федерациясына (TGF) мүше журналистер одақтарымен байланысты нығайтып келеді. Анадолы Спорт журналистері ассоциациясы былтыр ұйымдастырған І Спорт және туризм саммитіне қатысқан барлық қазақ журналистерді TGF Бас хатшысы Йылмаз Караджа арнайы алғысхатпен марапаттады.
Бұрса қаласына қарасты Гүрсу ауданында орналасқан Adrenalin park демалыс орталығында журналистер қауымы түрлі спорт ойындарына қатысып, көңіл көтеріп, елге күш жинап қайтты.
Adrenalin park демалыс орталығының кереметі сол, биіктіктен секіру, көл бетінде катамаранмен серуендеу, квадроциклдармен тауға саяхат, таза ауада жаттығу жасау, тауға шығу, Стамбұлдан арнайы келген мамандармен біргедұрыс тыныс алуды үйрену т.б. қатысты. ADRENALIN PARK демалыс орнына бару үшін алдын ала тапсырыс беру қажет екен. Өйткені,жаз айларында мұнда ине шаншар жер қалмайды. Толық ақпаратты www.gursu.bel.tr сайтынан табуға болады.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ