Жалағаш ауданында күн электр станциясы салынып жатыр
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының Жалағаш ауданында қуаттылығы 30 мегаваттық күн электр станциясының құрылысы жүруде, деп хабарлайды «Хабар 24».
Құны 19 миллиард теңгені құраған бұл жобаның құрылысы өткен жылы басталған болатын. Бұл мақсатқа Жалағаш кентінің маңынан 164 гектар жер телімі бөлінді. Бүгінде бұл аумақта жол салу, тегістеу және қоршау жұмыстары аяқталып, тиісті құрылғылар мен күн панельдері жеткізілді. Іске қосылғаннан кейін қуат көзін аудан көлемінде пайдалану көзделген. Осылайша аймақтың өзге өңірлерден тасымалданатын электр энергиясына тәуелділігі азайып, экологиялық, экономикалық тиімділігі арта түседі деп күтілуде.
«Құрылысқа негізінен 150-дей адам жұмылдырылады. Осы электр станциясы қосылғаннан кейін ауданымыздағы 220 киловатт тоқ беретін және Жалағаш ауданын қамтамасыз ететін электр станциясына қосу негізгі екенші бөлігі. Негізгі мақсаты осы аудан тұрғындарын электр энергиясымен қамтамасыз ету болып табылады. Жоба негізінен ағымдағы жылдың қазан айында бітеді деген жоспар бар», - дейді Жалағаш аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет.