25 мамыр: Атаулы күндер мен оқиғалар
25 мамырда Қазақстан мектептерінде дәстүрлі соңғы қоңырау соғылады. Бұл күні мыңдаған ұл-қыздар бір-бірін кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтаса, мектеп түлектері 11 жыл білім алған алтын ұясымен қимай қоштасады.
Филологтар күні
Бұл мереке филологиялық білімі бар тіл мен әдебиет саласындағы оқытушылар, кітапханашы, аудармашы-филологтарды біріктіреді. Филология деген атаудың түп төркіні гректің «фило» - «сүйіспеншілік», «логос» - «сөз» деген сөздерінен шыққан. Сонда «сөзге сүйіспеншілік» деген мағына береді. Ал біз қолданып жүрген арабтың «əдебиет» деген сөзі «асыл сөз» деген мағына берсе, латынша «литература» жазу - сызу деген мағына береді екен. Филология - адам баласының рухани мəдениетінің мəні мен тарихын жазба мəтіндерді тілдік жəне стилистикалық тұрғыдан талдау арқылы танып білуге негізделетін лингвистика, əдебиеттану, тарих, т.с.с. гуманитарлық пəндердің бірлестігі, жиынтығы.
1924 жылы әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаһарманы», Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы НҰРМАҒАНБЕТОВ Сағадат Қожахметұлы дүниеге келді.
Ақмола облысының Ақкөл ауданында туған. 1943 жылы Кушка қаласындағы Түркістан пулемет училищесін бітіргеннен кейін майданға жіберілді. Солтүстік Кавказ, 4-ші Украин және 1-ші Беларус майдандарында взвод, рота және батальон командирі болып, Польша жерінде Пилица өзенінің сол жағалауындағы плацдарм үшін болған ұрыста ерекше ерлік көрсетті. 1949 жылы Мәскеудегі Әскери академияны бітіріп, Түркістан әскери округі штабында істеді. 1954-1958 жылдары - мотоатқыштар полкінің командирі. 1958-1961 жылдары - мотоатқыштар дивизиясының штаб бң оастығы. 1962-1969 жылдары Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы. 1969-1989 жылдары - Орта Азия әскери округі қолбасшысынырынбасары, Оңтүстік әскери тобы қолбасшысының бірінші орынбасары. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы. 1992-1995 жылдары - Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі. 1995-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметін атқарды.
С.Нұрмағанбетов Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында аумақтық тұтастықты қамтамасыз етуде, республиканың Қарулы күштерін құруда, ұлттық кадрларды даярлауда үлкен еңбек сіңірді. 1999 жылы наурызда Астана қаласында генерал Сағадат Нұрмағанбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі құрылды. Тәуелсіз еліміздің қарулы күштерінде қызмет ететін болашақ сарбаздар осы мектеп қабырғасынан тәрбиеленіп шығады. «Ленин», 2 мәрте «Қызыл жұлдыз», 1,2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі», «Қазан төңкерісі», 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Отан» ордендерімен, медальдармен, шет ел орден-медальдарымен марапатталған.
1931 жылы Алматы округінің аумағында Балқаш ауданы құрылды.
1998 жылы Алматыда Әлібек Дінішев театры ұйымдастырған І Халықаралық әншілер байқауы өтті.
2010 жылы 25 мамыры күні Елордада Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі академиясы ашылды. Бірегей ғылыми-зерттеу орталықтың тұсаукесеріне ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл сонымен қатар, Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ресей (Татарстан, Башқұртстан, Чуваш, Якутия), Өзбекстан, Қырғызстан, Украина мемлекеттерінің көрнекті түрколог ғалымдары қатысты. Сондай-ақ меймандар «Түркі өркениеті: дәуірлерді жалғаған өзек» халықаралық еуразиялық конгресінің жұмысына қатысты. Академияның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Түркі академиясы - бұл алғашқы және бірегей ғылыми-зерттеу орталығы екенін атап өтті. Сондай-ақ тарихқа Махмұд Қашғари, Жүсіп Баласағұни, әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Хорезми, Қожа Ахмет Йасауи, Ұлықбек, Әлішер Науаи сияқты ұлы тұлғаларды берген түркі дүниесінің әлемдік өркениетке қосқан үлесін жан-жақты зерттеу қажеттігін жеткізді. Академияны құрудағы мақсат - көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемі тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеу. Түркі мемлекеттерінің әлемдік өркениеттегі орны мен ерекше үлесін төлтума деректер негізінде аша отырып жалпы түркі әлеміне қатысты ғылыми зерттеулерді үйлестіретін бірегей орталыққа айналу. Түркі халықтарының ғылыми қауымдастығының ғылым мен білімінің дамуы, сондай-ақ басқа да түркітілдес мемлекеттер қайраткерлерінің бастамаларына жағдай жасау және олардың басын бір арнаға тоғыстыру.
2015 жылы «Қазпошта» АҚ Еуразиялық экономикалық одаққа арналған «Еске алу және мерейтойлық күндер» сериясынан пошталық марканы айналымға енгізді. Одақтың бір жылдығы құрметіне ол ЕАЭО нышаны, Қазақстанның туы бейнеленген маркамен толықты.