Еуразия медиа форумында заманауи журналистиканың өзекті мәселелері талқыға түсті
Алматыдағы The Ritz-Carlton алаңында XVI Еуразия медиа форумының бірінші күні өз жалғасын табуда. Бұл - 2002 жылдан бері алпысқа жуық мемлекеттен 500-ден астам делегаттардың басын қосқан халықаралық пікір алмасу алаңы. Форумның бірінші күніне жоспарланған шеберлік сыныптарының түстен кейінгі тақырыбы заманауи медиа журналистика мен оның тиімді тәсілдері, қолданыстағы құралдарына арналды. Журналистерге арналған авторлық шеберлік сабақтар «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту жөніндегі қорының қолдауымен өтті.
Түстен кейінгі шеберлік сағаттар легін «Фотожурналистика құпиялары» атты тақырыбымен ТАСС фотоақпарат редакциясының жетекшісі - бас редактордың орынбасары Григорий Дукор (Ресей) бастады. Бүгінгі медиа технологиялардың қарқын алған тұсында суретке түсіру өнерінің маңызы арта түскені анық. Фотоөнердің тың трендтері турасында кеңірек білу, анық түсіну - қазіргі заманауи журналиске міндет десек, Григорий Дукордың фотожурналистиканың құпияларын ашатын авторлық дәрісінің маңызы зор.
«Фотограф суретке түсірмес бұрын нақты нені нысанаға алатынын түсінуі керек» дегеннен бастады маман өз кеңесін. Бір суреттің бүткіл бір оқиғаны, тарихты, тағдырды баяндай алатын құдіреті бар десек, оның алдын ала жоспарланған сценариі, идеясы болуы шарт. Автор қандай да бір ауқымды экономикалық, саяси, әлеуметтік, яки мәдени шараға қатысып, ұтымды сурет түсіре алмай кеткен фотографтардың тәжірибесінен дәлілді мысал келтірді.
Алдын ала даярланған сауатты жоспардан сапалы суреттер шығатынына сендірген маман «Егер әрбір сурет тарих пен тағдыр жайында сөйлеп тұрса, ешқашан зеріктіріп жібермейтіні анық» дейді. Бүгінгі фотографтардың тұтынушы тарапынан сұранысқа ие болып отырғанының себебі де - осы. Тәуелсіз суретшілердің басым көпшілігінің басымдыққа алған ісі - сурет арқылы тарихты, тағдырды сөйлету.
Фотоөнерге қызығатын кез келген адам бірінші кезекте қымбат фотоаппарат болуы қажет деп есептейді. Танымал фотограф ұтымды сурет түсіруге қымбат құрылғыдан бұрын, суретшінің байқампаз, елгезек болуы аса маңызды екенін айтты. «Керемет суретті күтпеген жерден кезіктіруіңіз мүмкін: ол үшін детальға мән беруді үйреніңіз» деген дәріскер орта бағадағы қарапайым объективтердің күшімен түсірілген небір үздік суреттер көрсетіп, мысал келтірді.
Бейнеден тарих тудыруды қолдайтын тағы бір дәріскер – колумнист, продюсер, журналист Иво Бурум (Австралия). Журналистер мен медиа өкілдеріне арналған MoJo шеберлік сыныбының тренері «Мобильді журналистика» турасында дәріс оқыды. Ұялы телефонның тетіктерін толық меңгергенде ғана бүгінгі уақыттың нағыз кәсіби маманы болатыны туралы сөз қозғаған «Мобилді журналистиканың техникалық мүмкіндіктерін санаулы уақытта үйренуге болады» дейді.
«Ұялы телефон – цифрлы да сиқырлы қалам. Бүгінгі журналистің басты міндеті – цифрлы дәуірдің үнін ұғып, соның тілінде жазу» деді Иво Бурум. Дәріс барысында бірден видеорепортаж түсіріп, оны әп сәтте өңдеуге болатынын көрсеткен Иво бейне жазуға мүмкіндік беретін құралдарын үнемі өзімен алып жүретінін айтты. Бірақ видео жасауға қажетті қымбат құрал-жабдықтардың барлығына шығындалудың қажет жоқ дегенді алға тартты. «Қолыңыздағы қарапайым смартфонмен де көп дүниені түсіруге болады» деген Иво өзінің сөмкесінде ұялы телефон, оның тіреуіші мен петличканың екі түрі ғана бар екенін әрі оның сапалы сюжет жасауға жеткілікті екенін жеткізді.
Бүгінде көрермен назарын ұстап тұру күрделенуде. Сөз соңында дәріскер бейнажазбалардың уақытын қысқартуды ұсынды.. «Меніңше, бір оқиғаны сапалы да сауатты етіп баяндауға екі минут жеткілікті» дейді Иво Бурум.
Еуразия медиа форумының алғашқы күні - шеберлік сыныптар легін Бірінші арна мектебінің жетекшісі Елена Афанасьева (Ресей) қорытындылады. Ол телеарна аудиториясының ұрпақтық ерекшеліктері мен Digital-медиа турасындағы зерттеу тәжірибесімен бөлісті. Ұрпақ құндылықтарының қалыптасуына бірінші кезекте белгілі бір аймақтың, бүтін бір елдің, бүткіл әлемнің негізгі тарихи уақиғалары әсер ететінін айтты маман. Мәселен соғыс кезеңін көрген буын мен бүгінгі ұрпақтың арасы жер мен көктей. Бұдан өзге, тәлім-тәрбие беру тәсілінің де алар орны зор. Мысалы, қатаң тәртіптің шеңберінде өскен ата-аналарымыз бен қазіргі еркін тәрбиедегі жастардың өмір сүру стилі екі түрлі. Қоғамдағы дефицит пен әлеуметтің ақпаратты қабылдауы да ұрпақ құндылықтарын қалыптастыруға айтарлықтай әсер ететінін жеткізді Елена Афанасьева.
Дәріскер Ресейдегі және ТМД елдеріндегі ұрпақтың профилін сипаттайтын арнайы зерттеу кестесін ұсынды. Оған сәйкес, 1900-1923 жылдары өмір сүрген ұрпаққа «Жеңімпаздар» атауы беріліп, ал 1923-1943 жылдарғы буынға «Үндеместер» деген айдар тағылған. Мұны автор «Бұл кезеңдегі АҚШ-тағы, Ресейдегі тарихи оқиғалар мейлінше үндемей өмір сүруге үндеді. Әрбір айтылған сөзіңе өміріңмен жауап беретін заман болатын» деп түсіндірді. Хат жазысып өмір сүрген бұл ұрпақтың бар арманы көлік сатып алу болған екен. 1944-1963 жылдары үй телефонымен сөйлесіп, теледидар көруді армандаған ұрпақ «Бэби бумерлер» дейді маман. Бұдан кейін, 1964-1984 жылдары салмағы ауыр компьютерді көріп өскен, емайлді алғаш пайдаланған «Х ұрпақ» өмір сүрсе, 1985-2003 жылдар аралығы «Y ұрпаққа тиесілі», бұлар цирфлы дәуірдің гаджеттерін күнделікті өмірде қолданғанымен, түбірінде диджитал иммигранттар. Ал қазіргі буын, яғни 2004-2020 жылдарда өмір сүрушілер «Z ұрпақ». Бір сөзбен айтқанда, бесігінде смартфонмен бөленетіндер, бұлардың арманы – 3D принтер, тың технология. Әр буын өкілдерінің әртүрлігі түрлі қиындықтарға әкелуі мүмкін, әке мен баланың бір тілде түсінісе алмай жатуының себебі сонда. «Басқалардың көзқарасын өз ұрпағымыздың құндылығы тұрғысынан сынға алған тұста, келіспеушілік орын алады. Әр ұрпақтың құндылығын, мақсат-мүддесін ескере отырып, жұмыс істейтін болсақ нәтижелі жетістікке жетуге болады» дейді ресейлік маман, бір ұғымның түсінігі әр ұрпақ үшін әртүрлі болуы мүмкіндігін және мұны естен шығармауымыз қажеттігін еске салды.
XVI Еуразиялық медиа форумы 22-24 мамыр аралығында Алматыдағы TheRitz-CarltonAlmaty алаңында өтетін еске саламыз. «Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы?» тақырыбына арналған халықаралық шара шеңберінде әлемдік және аймақтық деңгейдегі бірқатар өзекті мәселелер ортақ талқыға түспек, атап айтсақ, дендеген дағдарыс үдерісі, тығырыққа тірелген тұтынушы «күйзелісі», медиа саланың цифрлануы, халықаралық құқық және сын-қатерлер, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектің кеңінен таралу тегеуріні турасында салмақты, ойлы пікірталқы өтеді.
Орта Азиядағы негізгі әрі тәуелсіз пікір алмасу платформасы болып саналатын ЕМФ басты міндеті - саясаткерлер, журналистер және Қазақстандағы, Еуразиядағы және халықаралық қоғамдастықтағы геосаясат, экономика, әлеумет пен мәдениетті дамытуға мүдделі әртүрлі сала сарапшыларының еркін әрі ашық диалог құруына жағдай жасау.
XVI Еуразиялық медиа форумының бас серіктесі - «Самұрық-Қазына» АҚ.