Жеміс шырынын көп ішсе, не болады – ғалымдар күтпеген жаңалық ашты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жаңа сығылған жеміс шырынын көп ішу денсаулыққа зиянын тигізіп, мезгілсіз өлімге әкеп соғуы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik.
"Зерттеушілер 13 400 адамның өмір сүру салтын бақылап, олардың тәтті сусындарды қаншалықты жиі ішетіндерін білді. Алты жыл ішінде ғалымдар әртүрлі себептен мың адамның қаза болғанын тіркеген, 168 адам жүректің ишемиялық дертінен көз жұмыпты. Мамандар күнделікті калориясының 5 проценті тәтті сусындар, оның ішінде жеміс шырыны құрайтын адамдар мен дәл сондай көрсеткіші 10 проценттен асатын адамдар арасындағы өлім-жітімді салыстырып көрді", - делінген хабарламада.
Сөйтсе, соңғы топта біріншісімен салыстырғанда жүректің ишемиялық дертінен көз жұму қаупінің коэффициенті 1,44, ал басқа аурудан - 1,14 болған. Ғалымдардың мәліметінше, қосымша 360 миллилитр тәтті сусын ішу өлім қаупін 1,24 есе арттырады. Мамандардың сөзіне сүйенсек, жүз пайыз табиғи шырындардың өзі сондай қауіп төндіреді.
Ғалымдар атап өткендей, жаңа сығылған жеміс шырыны көбінесе қант қосылған сусындарға балама ретінде пайдаланылады. Бірақ оны шамадан тыс көп ішудің пайдасынан зияны мол.