Қызылордада «Жас архивистер мен тарихшылар» клубы құрылды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Елбасының «Ұлы даланың Жеті қыры» мақаласындағы «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасы аясында Қызылорда облысының мемлекеттік архивінде «Жас архивистер мен тарихшылар» клубы құрылып, бірінші отырысы өтті.
Клубтың мақсаты - жас тарихшылардың кәсіби өсуіне ықпал ету, жастардың жаңа көзқарастарын дамыту, архив құжаттарын насихаттау арқылы туған өлкенің тарихына деген қызығушылығын қалыптастыру.
Шараға жоғарғы оқу орнының тарихшы мамандары, магистрлары, орта оқу орны және қалалық мектептердің тарих пәнінің мұғалімдері, облыс архив мекемелерінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Аталған шарада клубтың ережесі бекітіліп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстары талқыланды.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих магистрі Б.Ахметбек Елбасының «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасы аясында шетел архивтерінен өлке тарихына қатысты құжаттарды алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, жастарға ұлт тарихындағы маңызды оқиғаларды насихаттауда архив саласының атқаратын рөлі зор екенін айтты.
Шара барысында химия және биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Нұркен Абджалиев өлке тарихын зерттеуге жас ұрпақтың қызығушылығының артып жатқандығын айтып, клубтың жұмысын жандандыруға атсалысуға шақырды.