Қазалы ауданында көпір салынады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында сала мамандарының қатысуымен қоғамдық таңдау өтті. Онда «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-2) жобасын жүзеге асырудың негізгі компоненттері ішіндегі Сырдария өзенінің Бірлік, Өркендеу елді мекендері тұсындағы «Қарлаң өткелі» болып саналатын көпір орнына темір бетонды көпір салу жобасы талқыланды.
Қазалы ауданының Бірлік ауылы маңында автомобиль көпірін салу компоненті бойынша облыстық бюджеттен жобаның ТЭН-ін әзірлеуге 20,9 млн. теңге бөлінді.
Жобаға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан «Тека Проект» ЖШС-і арқылы техника экономикалық негіздемелер жасалынып, осы жобаны мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүруде.
Аудан әкімдігінде өткен мәжілісте облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мамандары мен «Тека проект» ЖШС-нің бас инжинері Ж.Тәшкенбаевтың баяндамасына сәйкес, аталған темір бетонды көпір құрылысын салуға аудан әкімінің шешімімен 17,67 га жер учаскесі берілген. Көпірдің ұзындығы 250 метрді құраса, салынатын автомобиль жолымен қоса есептегенде жалпы ұзындығы 2500 метрге созылады.
Көпір үстімен өтетін автомобиль жолының ені 10 метр болса, қауіпсіздік қоршауымен 0,75 метрден жаяу жүргіншілер жолдары, түнгі жарықшамдары мен қауіпсіздік талаптарына сай барлық шаралар қарастырылған.
Сонымен қатар, көпір құрылысы бойынша әзірленген 4 түрлі нұсқаның қаржылық есептемесіне сай біртұтас бетон (монолит) құю жұмыстарын жүргізу қажеттігін және оның экономикалық жағынан тиімді әрі сапалы болатыны түсіндірілді.
Құрылыс барысында судың ең жоғарғы берілу деңгейіне сәйкес су өткізу кезіндегі қауіпсіздік шаралары және автомобиль жолдарының 10 жылға есептелген жүру жиілігінің өсу көлемі ескерілген.
Алдағы уақытта, техника экономикалық негіздемелер мемлекеттік сараптамадан өткізілгеннен кейін жоба сметалық құжаттарын әзірлеуге ұсынылатын болады.
Аталған көпір құрылысын жүргізу арқылы Өркендеу, Бірлік, Аранды, Бозкөл, Қызылқұм ауылдық округтерінің тұрғындарының аудан орталығымен тұрақты байланысын, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларының жақсаруын, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің дамуын қамтамасыз ететін болады.