Голливуд жұлдыздары қазақша сайрайды
Әлемдік фильмдерді қазақ тіліне дыбыстайтын актерлер үнін «Walt Disney»-дің өзі таңдайды.
Елімізде соңғы бірнеше жылдан бері көрерменнің сүйікті кейіпкерлеріне айналған Голливуд жұлдыздары қазақ тілінде сөйлей бастады. Қол жетпес қиянда көрінетін диснейлік кейіпкерлер бүлдіршіндермен ана тілінде қауышты. Әлем назарын өзіне қаратқан мультфильмдердің қазіргі кезде біразы мемлекеттік тілде көрермендерге жол тартқан. Солардың бірі – көптен күткен «Аладдин» фильмі отандық кинопрокатқа қазақ тілінде шықпақ. Ал осындай фильмдерді қазақшаға дыбыстау жұмысы қалай жүреді? Бүгінгі мақалада елімізде дубляждық жұмыстың жілігін шағып, майын ішкен мамандар және оларға өз дауыстарын сыйлайтын актерлердің қызметі жайында айтпақшымыз.
Голливуд туындыларын қазақ тіліне дубляждау «Өзіңнен баста» жобасы аясында «Болашақ» корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесі төрағасы әрі қазіргі Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің бастамасымн 2011 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Қордың қазіргі басшысы Динара Шайжүнісованың айтуынша, «Өзіңнен баста» жобасы аясында ана тілімізде дыбысталған туындылар ересектер мен балалар арасында тілді дәріптеу және оны дамытуға өз үлесін қоспақ. Сондай-ақ, мұндай әлеуметтік жобалардың арқасында көрермендер әлемдік жұлдыздар сомдаған фильмдерді қазақ тілінде көруге жақсы мүмкіндік туып отыр. Соңғы сегіз жылдың ішінде елде қазақ тілінде дыбысталған 29 голливудтық кинокартина көрерменге жол тартқан.
«Біз қазақ тіліне дубляждауға көбінесе отбасымен бірге тамашалайтын фильмдерді таңдаймыз. Мәселен, былтыр жазда кинопрокатқа шыққан «Суперотбасы-2» ("Суперсемейка-2") анимациялық туынды нағыз отбасылық фильм. Мұнда еңбектеген сәбиінен, еңкейген қартына дейін ғаламды құтқару үшін күрескен бір қаһарман отбасы жайында баяндалады», – дейді «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Шайжүнісова.
Мұндай игі іске мұрындық болған «Болашақ» корпоративтік қоры «Walt Disney Pictures», «Pixar», «Sony Pictures», «Lucasfilm Ltd», «Marvel Studios Inc.» сияқты әлемдік кино индустрияның көшбасшыларымен бірлесіп, қазақ тілді аудиторияға арналған сапалы туындылар түсіруде. Ал актерлердің дауысы «Disney» компаниясында ресми сертификатталған отандық «Aray Media Group» студиясында жазылады.
«Басты кейіпкерлерді біз кастинг арқылы іріктейміз. Алайда фильмдерде дыбыстайтын актерлердің дауысын «Walt Disney Pictures» компаниясы өздері таңдап, бекітеді. Мұндай талап диснейлық фильмдерді дубляждайтын барлық елге міндетті болып табылады», – дейді ол.
Шетелдік туындыларды ана тілімізге дыбыстауда таңдау көбінесе кәсіби қазақ тілді актерлерге түседі. Бір қызығы бүгінде жүзге жуық қазақстандық актердің дауысы «Walt Disney Pictures» компаниясының базасында сақталып тұр.
«Қазіргі кезде «Walt Disney» компаниясында фильмдерді дубляждау бойынша қазақ тілі 39-орында, ал «Sony Pictures» компаниясында 7-орында тұр. Бұл өте қуантарлық жағдай деп ойлаймын», - дейді ол.
Әлемдік туындыларды ана тілімізде дыбыстау балаларға арналған «Көліктер-2» ("Тачки-2") анимациялық мультфильмнен бастау алды. Қор басшысының айтуынша, бұл алғашқы жоба болғандықтан жұмыс процесі қызықты әрі қиын болған. Алайда тәжірибелі мамандардың арқасында бұған жұмсалған қажырлы еңбек өз жемісін бергенін айтады. Бұған қоса, 2011 жылы қалың көрерменге жол тартқан бұл жоба алдағы қазақ дубляжының жұмысына себепкер болып отыр. Тіпті осы анимацияда Маккуиннің досын ойнаған Мэтрдің, яғни Азамат Қанапияның дауысын «Disney» студиясы – әлемдегі ең жақсы дауыс деп бағалапты. Қор жұмысын бастаған соңғы сегіз жылдың ішінде 29 голливудтық картина қазақ көрермендеріне жол тартқанын жоғарыда айтқан болатынбыз.
«Өзіңнен баста» жобасы аясында біз «Кек алушылар: Альтрон дәуірі», «Батыл жүрек», «Коконың құпиясы», «Моана», «Малефисента» және тағы басқаларын қазақ тілінде сөйлеттік», - дейді ол.
Ал жоғарыда айтқан «Көліктер-2» мультфильмінен кейін келесі жылы «Қара киімділер-3» фантастикасына кіріскен. Экранның ар жағынан Голливуд жұлдызы Уилл Смиттің қазақша сайрап тұрғанын көріп, бір сәт оны ауылдың нағыз қара баласы деп ойлап та қаласыз. Фильмдегі кейіпкерлердің бір-бірімен диалогтары түсінікті әрі анық дыбысталған. Тіпті, олардың дауыс ырғақтары да жағымды. Әлемнің жеті тіліне аударылған «Қара киімділер-3» фильмі көрерменді адалдыққа, құрмет көрсетуге және әке махаббаты деген ұғымдарды ұмытпауға үйретеді.
«Бір ерекше айта кететін жәйт, 2012 жылы шыққан «Қара киімділер-3»-тегі басты кейіпкердің рөлін сомдайтын – Уилл Смит, 2013 жылы шыққан «Жалғыз Рейнджер»-дегі Джонни Депп және 2014 жылы шыққан «Малефисента» мистикалық фильміндегі Анджелина Джоли сынды әлем назарын өзіне қаратқан актерлар қазақ тілінде өз кейіпкерлерінің дауыстарын дыбыстайтын кандидаттарды өздері таңдап, бекіткен еді», - дейді ол.
Кәсіби аудармашылар шетелдік туындылардың мәтінін қазақ тіліне тәржімалаумен айналысады. Олар тек аудармашы ғана емес, телевизия мен кино саласында мәтіндермен жұмыс істеу стилімен жақсы таныс мамандар екенін айтады қор басшысы. Кәсіби аудармашылар ағылшын тілінен бірден қазақ тіліне аударады екен.
Биыл болашақтықтар өз көрермендерін «Ойыншықтар хикаясы», ("История игрушек"), «Арыстан патша», ("Король Лев"), «Мұзды өлке» сынды жаңа туындыларымен қуантпақ. Солардың бірі танымал Уилл Смит ойнайтын «Аладдин» фильмі көрермен назарына ұсынылмақ. Ал фильмнің дубляж режиссері – мемлекеттік Серпер жастар сыйлығының иегері, Қаллеке театрының актері Шах-Мұрат Ордабаев екенін айта кетейік.
«Барша әлем сүйсініп көретін «Disney» студиясы ұсынған «Аладдин» фильмінде басты рөлдерді қазақ тілінде отандық кәсіби әртістер дыбыстады. Фильмде Джафар уәзірге актер, әнші, композитор Нұрлан Әлімжанов, Джиннің рөліне «Жастар» театрының белгілі актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин, Аладдин мен Жасминнің рөлдеріне жас әрі талантты актерлар Айсұлтан Жалиев пен Шехназы Қызыханова өз дауыстарын сыйлады. Жоғарыда айтқанымдай басты кейіпкерлердің дауысын «Дисней» компаниясының өзі бекітіп отырды», - дейді ол.
Көпшілікке жол тартқан қазақ тіліне дубляждалған жиырма тоғызыншы фильмде Алладин деген жас ұры Жасмин ханшайымға үйлену үшін ханзада болуды армандайды. Джафар уәзір шаһарды басып алғысы келіп, ғажайыптар үнгірінде сақтаулы түрған сиқырлы шамды алмақ болады. Бірақ ол үнгірге тек жүрегі таза адам ғана кіре алады. Сонымен бұған кім кіреді? Ал басты кейіпкерлердің бірі Аладдин өзінің діттеген арманына жетіп, ханшайымына үйлене ала ма? Барлық жастағы адамдарға арналған фильм көрерменнің жүрегін жаулап алатын түрлі шытырман оқиғалар мен қызыққа толы.
Мұнда басты кейіпкерлердің бірі - Уилл Смит лампадан шығатын Джиннің рөлін сомдайды. Ал кейіпкерге қазақ тілінде өз дауысын танымал актер Дәурен Серғазин сыйлағанын жоғарыда айтып кеттік. Дәуреннің айтуынша, бұл рөлді дыбыстау актерлік әрі дауыс ырғағы жағынан алғашында өте қиын болғанын айтады. Алайда үздіксіз еңбектің арқасында діттегеніне қол жеткізіпті.
«Фильмде дауыс тембірін жан-жақты құбылтуға тура келді. Екіншіден, әндер өте көп. Мысалы, менің кейіпкерін Джиннің өзінде 2-3 әні болды. Әндердің өзі ұзақ болды. Музыкалық қабілеті жақсы Уилл Смит яғни менің кейіпкерім біресе рэп, біресе хормен айтады. Сондықтан осындай жағдайларға байланысты дайындық барысында бір әнді жазуға шамамен үш-төрт сағаттай уақытымыз кетті», - дейді Дәурен Серғазин.
Фильмде Джиннің рөлін ойнаған әйгілі актер Уилл Смиттің әрбір қимыл-қозғалысына дейін қазақшаға дыбысталуымен үйлесім тапқаны көрініп тұр. Әр сөзін, әрпін, буынына дейін ұқсастырып беруге тырысқанын айтады талантты актер.
«Джинді менің дауысыма кішкене икемдедік. Әзіл-қалжыңдарды қазақиландырып, образға сай тұрақты тіркестермен көркемдедік. Кейіпкерді барынша қазақшаға жатық етіп көрсетуге тырыстық. Ал көрермен фильмнен ана тілімізде түсірілгендей әсер алса, дубляждың жетістігі деп айтуға болады», - дейді ол.
Көрерменге америкалық юмордың орнына қазақи әзілді көбірек қосқан. Осылайша режиссерлер фильмды қазақ қауымына жақын дүние етіп көрсетуге тырысыпты.
«Дубляжда кейіпкердің мінезі, күлкісі, демалуы, түшкіруі, жұтынғаны, жөтелуі, тамақтануы жалпы бәрін дыбыстау керек. Мәселен, мен студент кезімнен телевизиялық форматты дубляждаудан бастағам. Мұнда кейіпкердің сезімін, күлкісін бермейсіз. Өйткені өзінің түпнұсқа дауысы, күлкісі естіліп тұрады. Тек қана мәтінді характерін тауып, соған ұқсастырып оқисыз», - дейді ол.
Көбінесе телевизиялық нұсқадағы фильмдерді тек бір қыз бен жігіт дубляждаумен айналысады. Яғни олар ақсақалды қарттың да, орта жастағы адамның да, жас баланың да дауыстарын аса қатты құбылтпай оларға қазақша үн береді. Ал кинотеатрларға шығатын туындыларда тек бір кейіпкер бір рөлдің дауысын дыбыстауы қажет. Өйткені олар өзара ұқсамауы тиіс.
Дәурен Серғазин «Аладдин» фильмін дыбыстаған уақытта импровизация жасалған кездер де болғанын айтады.
«Импровизация орынды деп ойлаймын. Өйткені кейбір сөздер қажет кезінде есімізге түспей қалады. Сондай кездері ұтымды сөз тауып кетуге тура келеді. Кейбір кезде америкалық қалжыңдар біздің ана тілімізге аударғанда оғаштау шығып жатды. Сондықтан, оны қазақи қалжың екпініне түсіру міндеттелді», - дейді ол.
Дубляж актерлеріне ең маңыздысы – дауыс. Дәурен Серғазин актерлік өнерсіз дауысты құбылту өте қиын екенін айтады. Ол қазіргі кезде театрда түрлі қойылымдарға дайындалу арқылы күнделікті өз дауысын формада ұстап тұрады екен.
«Болашақта дубляжбен айналысатын жастарға айтар кеңесім, біріншіден, дыбыс тазалығын әрі қазақ тілінің дұрыс айтылуы мен қолданылуын сақтап тұрулары керек. Екіншіден, тәжірибе жүзінде дауысты құбылтудан қорықпаған дұрыс. Үшіншіден, елімізде өткізілетін түрлі кастингтерге қатысып, телевизиялық нұсқадағы туындыларды дубляждауға қатысып жүрулері қажет», - дейді ол.
Әртістік мансабын бастаған сәттен Дәурен Серғазин елде қазақ тілді фильмдер көрерменге жол тартатын күнді асыға күткен. Осындай әлеуметтік жобаларға белсене атсалысып жүрген ол мұндай жұмыстардың келешек ұрпақ үшін берер пайдасы мол деген пікірде.
Тілге құрмет елімідегі фильмдердің ана тілімізде сайрауынан басталмақ. Ендеше әлемнің жауһар туындыларын кинотеатрлардан қазақша сөйлейтіндігі күнделікті дағдыға айналар күн алыс емес деген сенімдеміз.
Әлемдік озық туындыларды қазақша сөйлету арқылы қазақ аудиториясы қалыптаспақ. Бүгінде күн өткен сайын қазақ дубляжының саласы қарқынды дамып, аударма сапасы да жақсарып келеді. Көрерменнің көңіл пернесін дөп басатын қазақ дубляжының саны әлемдік туындылармен жыл сайын көбейе берсе құба-құп. Мұндай қарқынмен алдағы уақытта дами берсе, қазақша сөйлеген фильмдер әлемнің түкпір-түкпіріндегі отандастарымызға да қолжетімді болары сөзсіз.