Еуразиялық медиафорум: Журналистиканың цифрлық жүйедегі келешегі талқыланады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Алматыда он алтыншы рет Еуразиялық медиафорум өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Халықаралық геосаяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері талқыға түсетін алаң биыл 43 елден келген 500-ге жуық сарапшының басын қосты.
Ауқымды жиынның алғашқы күні шетелден келген медиа-сарапшылардың тақырыптық шеберлік дәрістеріне арналды.
«Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы ма?» Дәл осы тақырыпты қамтыған Еуразиялық медиафорум аясында өткен алғашқы шеберлік сабағы экологиялық журналистикаға арналды. Экология мәселесін көтеруде нені назарға алу керек? Дерек көздерін қалай таңдау керек? деген сұрақтар төңірегінде ойларын ортаға салған сарапшылар адамзат үшін маңызды мәселені шешуде дәл осындай диалогтың қажет екенін айтады. Себебі журналистер проблеманы жеткізе алғанда ғана сең қозғалмақ.
«Біз бүгін климаттың өзгеру мәселесіне басымдық бердік. Бұл тақырып Еуропада да, Батыста да жиі талқыланады. Алайда бүгін мен сіздердің елдеріңізде де ауаға лас қалдықтар жіберілетінін естідім. Ия рас, қалалар дамып жатыр, өндіріс өсуде, автокөліктер көмірқышқыл газын бөліп жатыр ауаға. Егер ақпарат құралдары бұл проблеманы жиі көтерсе, ғаламдық мамандар назар аударатыны сөзсіз. Олар климатты сақтаудың жолдарын іздейді. Ең бастысы ақпаратты бере білу керек», - дейді Reuters агенттігінің экс-журналисі Нельсон Грейвз.
Бүгінде журналистикада бәсеке басым. Сондықтан кәсіби журналистер мобильдік журналистиканы меңгеріп, сандық технологиялар арқылы материалдар жасау машығын барынша игеруі тиіс. Алайда, сарапшылар, сандық технологияны журналистикада тиімді қолдану керек дейді.
«Шынайы қарым-қатынас өте маңызды. Әрине, робототехника өмірімізге еніп келеді. Бірақ біз оны тиімді қолдана білуіміз керек. Журналистің, диктордың ақпарат жеткізуші екенін ескерсек, мұнда робот емес, нақты маманның рөлі маңызды», - дейді австралиялық медиа пәндер оқытушысы Иво Бурум.
Медиакеңістіктегі соңғы трендтер де форумның тақырыптық нысанына айналды. Мәселен, қоғамның құлағы үйрене бастаған фрилансер қызметі журналистикаға дендеп еніп келеді. Қашықтан жұмыс істейтін тәуелсіз журналистердің қызметі қаншалықты тиімді? Ерекшелігі неде?
«Журналистика саласында фрилансер болу үшін батылдық керек. Себебі ол – үлкен жауапкершілік әрі тәуекел. Журналист өзінің идеясын ұсынып,табандылық таныта білу керек», - дейді Ұлыбританияның фриланс журналисі Дженни Климан.
Қазақстанның деректі журналистика мен кинематография саласында талантты және билікті мамандар өте көп. Кинодағы продюсерлік өнерге арналған шеберлік сабағын жүргізген танымал кинорежисер Сергей Бодров отандық киноиндустрияның көкжиегі кең екендігін атап өтті.
«Қазақстандық киномамандардың кәсіби әлеуеті үлкен. Қазір үлкен студия салынбақ. Кино қоры жасалып жатыр. Мемлекет қазақстандық киноиндустрияның дамуына көмектесіп жатыр. Нәтиже де алыс емес деп ойлаймын», - дейді кинопродюссер Сергей Бодров.
Еуразиялық медиафорум ертең де жалғасады. Медиакеңістіктің беделді сарапшылары журналистиканың цифрлық жүйедегі келешегі мен жасанды ақыл-ойды кеңінен пайдаланудан туындайтын сын-қатерлер жайында ой бөліседі.