Мал шаруашылығы жандануда
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Сыр өңірі күріш өсіруден еліміз бойынша ешкімге дес бермейді. Соңғы жылдары әртараптандыруға басымдық беріліп, өзге дақыл түрлері де көптеп егіле бастағаны аян. Сондай-ақ, мал шаруашылығының да әлеуеті артып келеді. Әсіресе ет экспортын ұлғайту ісі басты назарда, деп хабарлайды Kyzylordatv.kz.
2016 жыл Қызылорда облысы буферлік аймақтан шығарылды. Іле шала шет елдерге төрт түлік экспорттала бастады. Иран, Біріккен Араб әмірлігі, Монғолия, Ресей мен көршілес Өзбекстан Республикасына қой, түйе малы тірілей жөнелтілді. Алайда мамандар малды тірілей сатқаннан көрі, ет бағытында экспорттау тиімді екенін айтады. Сондықтан өңірде халықаралық стандартқа сай ет комбинаты салынуда.
«Бізде халықаралық стандартқа сай ет комбинаты жоқ болатын. ағымдағы жылдың мамырдың орта шенінен бастап ет комбинатының іргетасы қалана бастады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар биыл желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Келер жылдан бастап ет комбинаты іске қосылатын болады. Онда жылына 5 мың тонна ет өндіретін болады. Етті вакумды қаптамамен шетелдерге шығаратын боламыз», - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Арыстан Омаров.
Ет комбинаты іске қосылса, 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жоба аясында сондай-ақ, ет-сүйек ұнын өндіретін, балық жемін шығаратын және тері өңдейтін цех ашу жоспарлануда. Осылайша мал шаруашылығын әртараптандыру ісі қарқын алуда.
«Биыл министрлік тарапынан бізге 400 тонна сиыр етін өткізу жоспары бекітілген болатын. Былтыр мұндай жоспар болған жоқ. Дегенмен біз еңбек өніміділігін арттыру мақсатында былтыр Өзбекстан және Иран мемлекеттерімен, Біріккен Араб Әмірлігіне 360-тай түйе жібердік. Өзбекстанның өзіне 285 бас түйе жібердік. Сонымен қатар 2400 бас қойды экспорттадық. Оның ішінде Ресей еліне де жіберілді. Осы күні Өзбекстанға 250 бас мүйізді ірі қара жіберіп отырмыз», - дейді Арыстан Омаров.
Мал санының артып, тұрақты даму тенденциясының қалыптасуына мемлекеттік бағдарламалардың үлесі зор. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен де қомақты қаржы қаралған. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы шет елден 1132 бас мүйізді ірі қара әкелінді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса бермек.
«2018 жылы Үкіметте ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға бағдарлама қабылдаған болатын. Осыған байланысты «Сыбаға» бағдарламасын жаңғыртып 4 пайызбен 15 жылға несие береді. Екі жыл үстемасын ғана төлеп, негізгі қарызын төлемейді. Оған дейін алған түліктері төлдеп, мал санын арттырады. Алып келген малдарға мемлекет тарапынан субсидия бөлінген. Шетелден әкелінген бір бас мүйізді ірі қараға 225 мыңнан субсидия бөлеміз. Бұл қайтарымсыз», - дейді Арыстан Омаров.
Соңғы бес жылда салаға тартылған инвестиция 27 есеге ұлғайған. Мал шаруашылығын дамытумен қатар, облыста ширек ғасыр бойы тұралап қалған құс шаруашылығын дамыту жұмыстары да қолға алынуда. Бұл саладағы жаңашылдықтың бір айғағы.