Үздік мекеме және үздік мәдениет қызметкері – Сыр өңірінде
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен "Рухани қазына – 2019" мәдениет және өнер саласы шағын ұйымдары мен қызметкерлерінің ІІ республикалық конкурсы қорытындыланды.
Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығы "Үздік облыстық халық шығармашылығы орталығы" аталымы бойынша байқаудың бас жүлдесін және 1 миллион теңге сертификатын жеңіп алды.
Айта кетейік, осы жылы облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығы құрылғанына 60 жылдығын атап өтуде.
Сонымен қатар, Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі Қалдыгүл Досмағанбетова "Облыстық маңызы бар кітапхананың үздік мемлекеттік қызметкері" номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Жеңімпаз Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталды.