Қазалыда мәдениет және өнер саласының үздіктері марапатталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазалы аудандық Роза Бағланова атындағы мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.
Салтанатты жиын барысында аудандық орталық кітапхана «Мәдениет мәңгі, өнер – өміршең» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, кітап инсталляциясын қалың жұртшылыққа таныстырды.
Мерекелік концертте аудан әкімі Мұрат Ергешбаев сөз алып, мәдениет және өнер қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады.
«Бүгінгі таңда ауданда мәдениет саласында 200-ге жуық қызметкер еңбек етіп, рухани дүние тәрбиешісіне айналып отыр. Қасиетті топырақта талай айтулы өнер тұлғалары өсіп-өнді. Қорқыт бабамыздың күңіренте тартқан күй-сазы, Роза апамыз бен Мәдинаның әуелете айтқан әні, Кеңес Дүйсекеевтің шығармалары бүгінгі ұрпақтың жүрегінде, - деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.
Айтулы күні өз саласында жетістікке жетіп жүрген бірқатар сала қызметкерлері облыс әкімі орынбасарының, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанатты шара облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жетістіктерге жетіп жүрген көркем өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.