Есірткімен бірігіп күресу керек
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында өткен есірткі бизнесіне қарсы күресте мүдделі органдармен атқарылып жатқан шаралар жөніндегі ведомствоаралық көшпелі мәжіліс өтті. Оған аудан әкімі Әшім Оразбекұлы, облыс прокурорының орынбасары Талғат Әлібаев бастаған бірқатар облыстық уәкілетті орган қызметкерлері, аудан әкімі орынбасарлары мен тиісті бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері және полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Қызылорда облысында заңсыз есірткі өсіру азаймай отыр. Әсіресе Қызылорда қаласы мен Шиелі және Сырдария аудандарында. Себебі, Сыр өңірінің климаты сора егуге өте қолайлы. Дегенмен, бұл іспен айналысқандар заңмен жазаланатындықтан, бұл өсімдікті жасырын егеді.
«Сора өсімдіктерін өсіру үшін жер учаскелерін дайындаумен айналысатын тұлғаларды анықтау шаралары бастапқы кезеңде қабылдану қажет. Сондықтан, кент, ауылдық округі әкімдері, аудандық жер қатынастары, полиция бөлімдері бұл бағыттағы жұмыстарды күшейткен жөн. Сонымен қатар, ішкі істер органдары есірткі заттарын қолдануға байланысты қылмыстарды ғана емес, оларды әкелу және сату қылмыстарын әшкерелеумен белсенді айналысу қажет. Полиция бөлімі мен өзге де құқық қорғау органдарымен бірлесіп, есірткі заттарын таратумен айналысатын қылмыстық топтарды анықтауда пәрменді шаралар қабылдауы тиіс», - дейді облыс прокурорының орынбасары Талғат Әлібаев.
Жиын барысында белгілі болғандай адам аяғы баспайтын тасада қылмыстық әрекетін іске асыратын тұрғындар егін басына жер астынан 3 бөлмелі кепеге дейін салып қойған. Биыл жылдың 3 айы ішінде есірткіге байланысты 5 дерек анықталып отыр. Әрине, қылмыстың алдын алу шаралары мен жою жұмыстарын жүргізуде тиісті органдар кемшін қалып жатқан жоқ. Ол үшін арнайы 2 дрон құрылғысы да алынған. Десе де, қулығы асқан қылмыскерлерді тоқтату оңай болмай тұр.
Есірткімен күресті бір ғана тәртіп сақшыларына артып қоюға болмайды. Оған ел болып қарсы тұрғанда ғана нәтиже болмақ. Сол себепті де, аудан әкімі өңірдегі 295 шаруа қожалығының басшыларына өзіңе тиесілі жерді қатаң қадағалауда ұстап, қандай да бір заңсыз әрекет болдырмау мақсатында келісімшарт жасалатынын хабарлады.
Фариза ОМАРОВА