Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Биылғы жыл басталғалы елімізде 135 мыңнан астам адам еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналасты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осылайша республикадағы алғашқы цифрлық платформа өз нәтижесін көрсете бастады. Электронды еңбек биржасы жұмыс істегелі мұнда 985 мың бос жұмыс орны мен 732 мың түйіндеме орналастырылды. Жалпы, биыл елімізде қанша адам жұмыспен қамтылған.
Иә, еңбек нарығын цифрландыру – әлеуметтік еңбек саласын жаңғыртудың басты факторларының бірі. Сондықтан еңбек биржасын жетілдіру биылғы жылы да жалғасады. Яғни жаңа жұмыс орындарының картасы енгізіліп, онлайн оқыту, виртуалды консультанттар пайда болады.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, еліміздегі жұмыс күшінің саны 9 миллион 200 мың адамды құрады. Республика экономикасында оның 8 миллион жеті жүз мыңы жұмыспен қамтылған. Яғни жасы 15-тен асқан еңбекке жарамды халықты жұмыспен қамту деңгейі 66,5 процентті құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2 процентке жоғары. Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда, жұмыспен қамтылғандардың 81 процентінің жоғары немесе арнаулы білімі бар. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,8 процент болды. Жұмыспен қамтылғандардың 16 проценті сауда саласында, 13,8 проценті ауыл шаруашылығында, 12,6 проценті өндірісте және дәл осыншамасы білім беру саласында қызмет атқарады.