Қармақшыда мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қармақшы аудандық мәдениет үйінде «Мәдениетім - мәртебем» атты мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев қатысты.
«Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Қармақшы өлкесі – қасиетті өнердің киелі бесігі, жыраулық дәстүр тараған дарынды тұлғалардың мекені. Саңлақтар көтерген өнердің тұғыры әрқашан биікте. Ауданымыздың мәдениет саласының қызметкерлері ғасырлар бойы мұра болған асыл қазынаны – ұрпаққа жеткізу жолында ауқымды жұмыстар атқаруда. Өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Бүгінгі ерекше мереке күні мәдениет пен өнер саласына еңбегі сіңген аға буын өкілдеріне айтар алғысымыз шексіз. Еліміздің биік рухы мен өркендеп-өсуіне қызмет етіп, халықты тамаша өнермен қуанта беріңіздер» – деді Еркебұлан Меңлібаев.
Мәдениет саласының қызметкерлерін құттықтап өткен аудан әкімінің орынбасары аталған салада атқарылып жатқан игі істерді атап өтті. Жиын барысында ол өңірдің өркендеуі жолында еңбектенген мәдениет пен өнер қызметкерлеріне облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарын сала үздіктеріне табыс етті.