Тұрмысы төмен отбасы жаңа баспанаға ие болды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордада «Арай» мөлтек ауданының тұрғыны, екі баланың анасы Гүлсара Қуанышбаева жаңа баспанаға ие болды.
Он жылдан бері қабырғасы сөгіліп, құлаудың алдында тұрған баспананы паналап келген Қуанышбаевтар әулетінің тұрмыстық жағдайы бұған дейін әлеуметтік желіде тарап, қала тұрғындары тарапынан аз-маз көмек көрсетілген болатын. Қыстың күндері жағарға отын-көмірі, ішерге асы болмаған отбасыға қаланың такси жүргізушілері де азық-түлік алып беріп, көмек көрсеткен еді.
Қуанышбаевтардың тұрмыстық жағдайымен өткен жылдан бері таныс қалалық білім бөлімінің басшылығы мен мектеп директорлары былтырдан бастап баспана салуға кіріскен.
«Бір жыл бұрын қалалық білім бөлімінің бастамасымен білім беру ұйымдарының басшылары бірігіп осы игі істі бастаған болатынбыз. Рамазан айында осы отбасы баспаналы болып, оған біз себепші болып отырғанымызға қуаныштымыз. Өткен жылы Қуанышбаевтар отбасы отағасынан айрылған еді. Сол уақытта біз №278 орта мектепте оқитын балалары арқылы отбасының тұрмыстық жағдайына қанық болдық. Сол уақыттан бастап біздер бұл отбасыға көмек көрсетуді қолға алдық», - дейді қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жанат Камитова.
Мектеп директорлары жердің құжаттарын рәсімдеп, былтыр үйдің іргетасын қалап, биыл баспананы толықтай бітіріп, газ, су, жарық жүйелерін жүргізіп берген. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының басшылары жаңа қоныс иелеріне тоңазытқыш пен балалардың төсек орынын сыйға тартқан.
Гүлсара Қуанышбаева отағасы Тұрсынбай Тайыровпен 10 жыл бір шаңырақ астында тұрған. Айықпас дертке шалдыққан Тайыров өткен жылы дүние салған. Екі қызымен қалған Гүлсараның да денсаулығы сыр беріп жүр. Бір басында бірнеше дерті бар отанасыға көршілері көп қолдау көрсетеді. Жаңа баспанаға кірген отбасыға көршілері де өз сыйларын жасауда. Олар газ плитасын және үйге қажетті басқа да құрал-жабдықтарын алып берген.
«Гүлсараның отбасына көмек көрсеткен қалалық білім бөлімінің басшылары мен мектеп директорларына айтар алғысымыз шексіз. Қасиетті Рамазан айында отбасын жаңа баспанаға кіргізіп, қоныс тойын тойлауға мүмкіндік берген барлық көршілерге де рахмет», - деді көршісі Айнаш Әбілқасымова.
Қармақшы ауданының тумасы Гүлсара Қуанышбаева «Қызылорда тазалығы» ЖШС-де жұмыс істейді. Денсаулығына байланысты жұмысқа көп шыға да алмайды. Алайда күнкөріс қамы үшін жұмысқа шығуына тура келеді.
«Менің отбасыма көмек көрсеткен бөлім қызметкерлері мен мектеп директорларына айтар алғысым көп. Әрқашан қолұшын созуға дайын тұратын көрші-көлемге де рахмет айтамын», - дейді Гүлсара Қуанышбаева.
Қалалық білім бөлімінің қызметкерлері мұндай игі бастама одан әрі де жалғасын тауып, өзге мекемелер де өз үлестерін қосса деген ниеттерін білдіруде.
Динара МАХАНОВА