Инвестиция игілігі
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Соңғы жылдары елімізде шикізаттан гөрі дайын өнімді өндіруге басымдық берілуде. Оның жергілікті бюджетке келтірер пайдасы да орасан болмақ. Осы орайда Шиелі ауданында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды.
Биылғы жылы іске қосуды межелеген ірі агроөнеркәсіптік жоба – «Сыр агро и К» ЖШС болып отыр. Жобалық құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын өндіріс орнының негізгі мақсаты – 1100 басқа арналған тауарлы сүт фермасын құру. Дәл қазір аумағы 20 га жерге электр сымдары тартылып, арнайы ұңғымалары қазылып, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Жыл соңына қарай нысан іске қосылған кезде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына 5,3 мың тонна сүт өндіріледі деп жоспарлануда.
Одан бөлек Сұлутөбе ауылындағы «Әбдірәсіл» шаруа қожалығында асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын өсіретін репродуктор шаруашылық құру жұмыстары жүзеге асып жатыр. Бұл мақсатта Арал ауданынан 70 бас қазақы ақбас тұқымды сиыр мен элита сыныпты 3 бұқа алынған. Осы орайда жоғарыда айтқан Ақмаядағы «Әсет» шаруашылығында да жоспар белгілі. Бұған дейін ауданда мал бордақылайтын алаң жоқтың қасы болатын. Үстіміздегі жылы ондайдың үшеуі салынбақ. Мұның өзі өңірдегі мал шаруашылығының қарқынды дамып жатқанының көрінісі болса керек. Солардың бірі Төңкерістегі құны 270 млн теңге болатын 1000 басқа арналған «Жылқайдаров» мал бордақылау алаңы. Нысанды жыл соңына қарай іске қосу жоспарланып отыр.