Қызылордалық көпбалалы ана 160 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек беріле бастады. Атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізгендердің ішінде қызылордалық көпбалалы ана Алтын Тайшыбаева да бар.
160 мың теңге көлемінде көмек алған көпбалалы ана Алтын Тайшыбаева «қуанышымда шек жоқ, осыншама жәрдемақы аламын деп ойламаппын» дейді. Ол құжат әзірлеу барысында қиыншылық кезікпегенін жеткізді. Алтын Бөбешқызы аудандағы жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметкерлері құжатты реттеп, рәсімдеу жағынан көмектескенін айтады.
«О баста атаулы көмекті алудың мән-жайын түсінбегенім рас. Кейін үкіметтегілер, аудандағы мамандар ашық, анық түсіндіре бастады. Сонда жан басқа есептегенде 20 мың 789 теңгеден келеді екен. Бұл жаңалық мені қатты қуантты. Ол көмекті алуға біздің мүмкіндігіміз бар екен. Аудандағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласының қызметкерлері тұрмыстық жағдайыма көз жеткізді, қандай құжаттар тапсыру керектігін айтып, жөн сілтеді. Сөйтіп, құжаттарды жинап, тапсырдым. Нәтижесін көріп отырмыз. Бүгінде балаларыма жәрдемақы ала бастадым. Алғашқы айда 160 000 теңге шамасында ақша алдым. Осы жәрдемақы бұдан кейін де сақталады. Кәдімгідей еңсеміз көтеріліп қалды. Қаржыны игілігімізге жаратып, мәре-сәре болып жүрміз. Көмек алып жатқан өзге аналар да осыны айтып жатыр. Елдегі отбасылардың тұрмысы түзеліп келе жатқанына ризамын. Бұған дейінгі күніміз жаман болды деуге ауыз бармайды. Бірақ қазір тұрмысымыз одан жақсырақ болатыны сезілуде. Не болса да Құдайға шүкір. Мен үшін ең басты байлық – балаларым және елдің тыныштығы. Солардың амандығын тілеймін», - дейді Алтын Бөбешқызы.
Батыр ана Алтын Тайшыбаеваның жұбайы Бақытжан Сейтеновпен шаңырақ көтергеніне 26 жыл болыпты. Бүгінде екеуі 2 қыз, 5 ұл өсіріп, тәрбиелеуде. Балаларының үлкені Ақбота Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орнында білім алып жатыр. Одан кейінгі қызы Ақнұр биыл мектеп бітіруде. Дәрігер болуды армандайды. Ал 3 ұлы спорт үйірмелеріне қатысады. Олар түрлі сайысқа қатысып, жүлделі орын алып үлгеріпті.
Қарапайым Сейтеновтер әулеті осылайша балаларын өнер-білімге, спортқа баулып, адамгершілікті ту етуге тәрбиелеуде. Бұған қоса, атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізгені үлкен демеу болып отыр. Сонымен қатар, Алтын Бөбешқызы қоасымша батыр анаға беретін жәрдемақыны ай сайын алмақ.
Жалағаш аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Эльмира Құттымбетованың айтуынша, жәрдемақы алған көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылардың барлығы алғыс айтуда. Олар осыған дейінгі әр балаға 1 жасқа шейін алып жүрген және көпбалалы аналарға берілетін көмекке қарағанда қазіргі жәрдем отбасылардың мәселесін шешуге едәуір демеу болғанын жеткізуде.
«Атаулы көмек алуға ниет білдірген аналардың құжаттары тексеріліп, өтініштері қанағаттандырылып жатыр. Қазіргі таңда аудан бойынша 600-ден аса отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. Бұл біздің аудан үшін жақсы көрсеткіш деп ойлаймыз. Ал көмек алған аналар алғысын айтуда. Мұқтаж жандар мен отбасыларға қолдау шаралары жалғасатын болады», - дейді Эльмира Құттымбетова.