Ауыл кәсіпкерлерін қаржыландыру басталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Биылғы жылға қаржыландырудың негізгі бағыттары анықталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалының директоры Мұхтар Әлімханұлы баяндады.
«Биыл Қор «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер», «Бірлік» және «Егінжай» несие бағдарламалары бойынша 2,4 млрд. теңге несие беруді жоспарлап отыр. Етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы аясында «Сыбаға» несиелік бағдарламасы. Сондай-ақ, сүт-тауар фермаларын дамытуға бағытталған «Ырыс» бағдарламасы бойынша қаржыландыруды жалғастыру жоспарлануда»,- деді Мұхтар Әлімханұлы.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша несиелер түрлі мақсаттарға жылдық 6 пайыздық сыйақы ставкасы бойынша беріледі. Несие өніміне байланысты кезеңі, сомасы, жеңілдік кезеңінің ұзақтығы өзгереді. Сондай-ақ, Қордың несие бағдарламалары жағдайында аграршылар қызметінің ерекшелігі, оның ішінде ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығы мен циклділігі ескеріледі.
«Игілік» бағдарламасы аясында ірі қара мал, ұсақ мал, түйелер, құстар, бал араларын сатып алу қарастырылған болса, «Бірлік» бағдарламасы бойынша сүт қабылдау пункттеріне арналған жабдықтар сатып алынады.
Сондай-ақ, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша берілетін заемның ең ұзақ мерзімі 15 жыл. Несие ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге етті бағыттағы импортталған ірі қараның аналық басын және отандық ұсақ малды, техника мен жабдықтарды сатып алуға беріледі.