Жар астындағы жалғыз үй (Әңгіме)
Әлі есімде, бастауыш сыныпта оқып жүрген кезім. Жағалауын өзеннің суы шайып, биік жарқабаққа айналған төбенің түбіндегі көкемнің баспанасы – ауылдағы басқа үйлерден оқшаулау, «Дорбақ» өзенінің арғы бетінде оңаша орналасқан, бес бөлмелі, қызыл шатырлы еңселі үй. Біз әке-шешемізден бес ұл, бес қыз туыппыз. Анам Нұржамал он алты құрсақ көтерген екен, соның алтауы түрлі себептермен көз жұмыпты, он баласы аман-есен ержетті. Тұңғышы – менің көкем Төкен. Біз отбасындағы бәріміз үлкен ағамды «көке» деп атайтынбыз. Көкем сол кездегі шағын ауылдағы жоғары білім алған, әдемі, ұзын бойлы, атжақты, қыр мұрынды, сымбатты жігіттердің бірі, бірі емес-ау бірегейі. Мен көкемнің басқалардан ерекше білімді азамат екеніне балалық сезіммен іштей мақтанатынмын, өйткені ол кісі физика, математика сияқты күрделі пәндерді ұршықша үйіретін, қандай күрделі есептерді оп-оңай шығаратын. Менің балалық көңілмен байқауымша, көкеме қыздар көп көңіл бөлетін, сондықтан ең кенже бауыры қарадомалақ бала – жеті жасар мені қолымнан жетектеп ертіп келе жатқанда бойжеткендер маған тәтті-дәмді кәмпиттер берген болып, бетімнен шөпілдетіп сүйіп тұрып, көкемнен көз айырмайтын. Жастық желікпен ол кісі бозбала кезінде қыздарға қырындап, көрші ауылға тойға барып, ауылға жете алмапты. Содан күздің қара суығында жолдас-тарымен бірге түн ішінде далада түнеп шығыпты. Жолдастары дін аман. Ал менің көкем содан бері сырқат. Сол күннен бастап, суық тигеннен өкпесі қабынып ауырып, үлкендердің айтуынша «өкпесі құрт ауруына» шалдықты. «Маған қатты суық тиіпті, дәрігерге қаралып едім, мен туберкулез – яғни өкпенің құрт ауруына шалдыққан екенмін, ауруханаға жатып, емделуім керек» деп мұңайып келгені жадымда жатталып қалыпты. Әке-шешем қатты уайымдап, «өкпесіне құрт түскен жаман ауру, тар құрсақты кеңітіп, тас емшекті жібіткен, тұла бойы тұңғышым жазылып кетсе игі еді» деп, әсіресе анам көзіне жас алып, жайшылықта сабырлы әкем де мазасызданып, екеуара күбірлесе сыбырлап, уайымдап отырғандарын сан рет естігем. Көкем алғаш рет Назипа деген көрші ауылдағы қызға ғашық болды.
Бірнеше жыл өткен соң көкем Назипаға үйленді. Ауыл тұрғындары сияқты барлық салт-дәстүрді сақтап, Назипаның үйіне құда түсіп, құйрық-бауыр асатып құда-құдандалы болып, той-думанмен өз алдына шаңырақ көтерді. Тұңғыш қызы Сәуле дүниеге келгенде ұлан-асыр шілдехана жасап, қатты қуанғаны есімде. Көкемнің үлкен қызы Сәулені кәрі әке-шешеміз бауы¬рына басып, содан кейін бірінен соң бірі үйелмелі-сүйелмелі екі ұл – ¬Алтай, Амантай дүниеге келді. Көкемнің үйі биіктеу төбенің етегінде, жар түбінде орналасқан болатын. Төбенің сайындағы етекте, үйдің артында қысы, жазы сылдырап, «Дорбақ» өзенінің суы ағып жататын. Мен көбінесе көкемнің үйінде болуды ұнататынмын, өйткені үй орта мектепке жақын орналасқан. Көкем – мектепте физика, математика пәнінің мұғалімі. Назипа үй шаруасымен айналысады, кішкентай балаларға қарайды. Демалыс күндері мектептегі жас мұғалімдер, ауылдағы басқа жолдастары көкеме жиі-жиі қонаққа келеді. Ол кезде үй жанындағы өзен маңындағы көгарай шалғынға ұзындығы бес-алты шаршы метрлік ақ, қоңыр өрнекті, оюлы қомшаны жайып салады. Ол қомшаны кәрі әжем қой жүнін шиге орап, үстіне ыстық су құйып, алдымен қолдарының білектерімен басып, кейінірек аяқтарымен иін қандырып, ұзақ тер төгіп жасағанын көзім көрген. Келген қонақтар үй сыртында, көк аспан астында, әжем жасаған жұмсақ, жүн қомшаның үстінде айнала, малдас құрып отырып, ортаға ақ дастарқан жаяды. Дастарқан үстіне бауырсақ, ірімшік, тіл үйірер тәтті-дәмдіні молынан толтырып қойған. Шіркін, таза ауада мол дастарқаннан тамақ ішіп, еркін демалып отырғанға не жетсін! Бұл – дүниенің жан сергітер бір рақаты. Жар түбінде дәл жанымызда тоған суы ағып жатса, екінші жақтағы сай түбінде «Дорбақ» өзені сылдырап ағып жатады. Айнала ¬белуардан келетін қалың көк шалғын. Жас шөптің жұпар иісі аңқып тұрады. Өйткені бұл маңда жусан, жалбыз, ермен, бақбақ, меңдуана, сора қурай, шәйқурай, мыңтамыр, жаужапырақ, мия, жуа, рауғаш сияқты көк майса шөп қана өспейді, сондай-ақ қымыздық, жуа, таңқурай, қарақат, жиде, мойыл секілді жұпар атқан, лық толы жеміс-жидектер де кездеседі. Оның үстіне айнала толған – қызылды, жасылды, сары, көкала, хош иісі бұрқыраған даланың нәзік гүлдері – бәйшешек, шешек атқан райхан, қызғалдақ, сарғалдақтар. Жан-жағыңа қарасаң көз тоймайды, бейне бір қызылды, жасылды көл-көсір мақпал кілем жайылып жатқандай көңіліңді марқайтатын әсем суреттер іспетті керемет көрініс, көрсең көз тоймайтын, айтсаң тіл жетпейтін, табиғаттың тамаша тартуы. Жер жаннаты секілді біздің шағын ауылдың бір шетіндегі жар астында оқшау тұрған жалғыз үйде бұрын-соңды болмаған, жан жадыратар әдемі кеш басталатын. Көкем бала кезінен домбырада, баянда ойнайтын сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз жан. Ал жаңа қосылған жас жары жайлы, қоңыр мақпал дауысымен сызылтып ән салатын. Көкем өзгеше шабыттанып, құйқылжыта тартып отырған баянға қосылып, тып-тыныш мүлгіген тыныштыққа жан бітіріп, кейде жанға жақын сызылтып, жүрек түкпіріндегі нәзік сезімнің пернесін дөп басқандай дауысын дірілдете шырқап, кейде көкке шырқата тамылжытып сан түрлі халық әнін тамылжыта айтатын.
«Сәулем, сәулем, сәулемсің,
Басымдағы дәуренсің,
Жақсы болсаң, сәулемсің,
Жаман болсаң әуремсің».
Алға¬шында әсерлі әнге балқып, тым-тырыс тыңдап отырған дастарқан басындағылар ашытқымен ашыған сыраны, ащы қымыран қымызды ішіп алып, шулай бастайды. Тіпті біраздан соң қызды-қыздыға басып, қонақтардың бәрінің жүйрік аттай бауыры жазылып, жарыса шапқан тұлпардай бірінен соң бірі кең далада қалықтаған әнге қосылатын. Сол кезде бүкіл дала күмбірлеп ән салып тұрғандай, әсем әнді тыңдаған ауыл адамдары сілтідей тынатын. Өйткені ауылда кино, театр деген атымен жоқ. Айына, жылына бір рет үндінің киносы болғанда ғана бүкіл ауыл тұрғындары тайлы-тұяғымызбен қалмай баратынбыз. Әрине, мен де үлкендердің соңынан еріп, есіктен сығаласам да кино көруге асығатынмын. Міне, сондықтан өнер¬сүйер ауыл тұрғындары қонақ¬тардың қосылып хормен айтқан әндерін сүйсіне тыңдайтын.
Мен ол уақыттары бірінші класқа жаңа барғам, жеті жастағы бала кезім. Көкем мен жеңгемнің қосылып ән айтқанын тыңдап, сылдырап аққан өзеннің жанында құлақ құрышын қандыра ән тыңдап, өзгеше рақаттанып отырушы едім. Кейде көкем Төкен мен жеңгем Назипаның кешкі тамақтан соң, көкпеңбек қалың өскен көгалға қызылды-жасылды құрақ көрпе жайып, көк аспанға қарап, балаларды қойнына алып, әңгіме-дүкен құрып, далаға ұйықтап жататын кездері болатын. Ондайда мен олардың әңгімесін құмарта тыңдап, бала қия¬лыммен аспандағы жымыңдаған сансыз жұлдыздарға қарап, көкем айтқан «жетіқарақшы, темірқазық, шолпан» сияқты жұлдыздардың тынымсыз жымыңдағанына таңдана қарайтынмын. Кейде бір жұлдыз зу етіп ағып түссе, «әне, жұлдыз ағып түсті!» деп, еркімнен тыс айғайлап жіберетінмін. Сөйтіп, төсекте жатып, сансыз жұлдыздары жыпырлаған, құс жолы ғана ағараңдаған таңғажайып аспан әлемін ұзақ-ұзақ бақылауға кірісетінмін. Бала қиялыммен түпсіз көк әлемін шарлап, шағын ауылда тұрып жатқанымды естен шығарып, ұшқыр ойыммен бүкіл әлемді кезіп кетемін. Жұлдыздары жымыңдаған зеңгір көктің тылсым жұмбақтары көп. Кейде күз келгенінің хабаршысындай үш бұрыштана қиқулап, тырналар жылы жаққа сапар шегетін. Ондайда мен елден бұрын бірінші байқап, «алақай, көке, жеңеше, тырна, тырналар ұшып барады, қараңдаршы, тырналар!» деп, дегбірім қалмай айғайлайтынмын. Ондайда үлкен, кішіміз бірдей көк аспанға телміріп, олар көзден ғайып болғанша көз алмайтынбыз. Олардың ең үлкендеу ересегі көш бастап, соңынан екі ¬айырлана ерген тырналар тізбегі саптарын бұзбай, қиқулап өтетін. «Бұлар қай жаққа кетіп бара жатыр екен?» деп, қылқиған қап-қара арық мойнымды созып, қызыға қарайтынмын. Осы мамыражай тіршілік екі-үш жылға созылды-ау деймін. Бұл кезде көкемнің өкпесіндегі құрт ауруы асқынып, күннен күнге халі нашарлап бара жатты.
Енді бұрынғыдай жылы үй, жайлы отырыс, жайдарман жай-күйі болмай, ерлі-зайыптылар арасында көзге көрінбес шатақ шекара бой көтергендей, томаға тұйық салқындық орнады. Алайда мен балалық аңғалдықпен бұрынғы сүттей ұйыған отбасының жылы шуағын аңсап, күн сайын мектеп оқулықтары салынған, апам тігіп берген қоңыр барқыт сөмкемді иығыма салып, көкемнің үйіне асыға жететінмін. Күні кешегі берекелі отбасының жылы шуағы көкемнің жазылмас дертімен қоса қайтпас құрдымға кеткендей, бұл үйде мен аңсаған бұрынғы қой үстіне бозторғай жұмыртқалағандай көңіл көктемі қайта оралмады. Қайта күн өткен сайын көкемнің денсаулығы күрт нашарлай түсіп, өкпесіне суық тиген айықпас ауруы күннен-күнге асқынып, айлап, жылдап аудан орталығында орналасқан ауруханадан шықпайтын болды. Күрк-күрк жөтеліп, жұрттың айтуымен халықтың ем-домын жасап, борсықтың, қойдың құйрық майын ішкенмен «батпандап кірген ауру мысқылдап шығады» демекші, оңайлықпен жазыла қоймай, әуре-сарсаңға салды. Ол кезде әке-шешеміз бала-шағасымен қыр басында тұратын. Мектеп көкемнің үйінің жанында орналасқан, сондықтан сабақ біте сала, апам тіккен барқыт дорба – сөмкемді иығыма асынып алып, көкемнің үйіне асығып-аптығып-ақ келетінмін. Көкем бірнеше айлар бойы ауруханадан шықпайтын болды. Жеңгемнің қабағы түйіліп, жадырап күлмейтін халге жетті. Қашан көрсең де қарадан қарап өмірден түңіліп, кейіп отыратын болды.
– Көксау неме, айлап, жылдап ¬ауруханадан шықпайтыны бар, үйленіп несі бар еді. Осы қу моланы күзетіп отыра берем бе?! Көксау неме несіне біржола өліп қалмайды екен?! Әттең, жесір қатын болсам теңімді табар едім, айлап, жылдап ауруханада жатып, сүмірейіп, қу сүйегін сүйретіп үйге келетінін қайтерсің! Одан да қатып қалмай ма, қараң қалғыр, көксау неме! – деп, көсеумен қазаношақтың астын тарс-тұрс еткізіп, бұрқылдатып күл алып, қарғап-сілеп отыратын. Мен жеңгемнің бұл ұрыс-керісіне аса мән бермей, балпанақтай толық тұңғыш қыздары Сәулемен ойнауға кірісетінмін. Есік алдында өзен суы жиылып, қыста мұз қатып, жып-жылтыр мұз айдынына айналатын. Қолыма жылы қолғабымды киіп алып, тығыршықтай топ-толық қыз Сәулені шанаға отырғызып алып, аттай шабатынмын. Алда-жалда байқаусызда шананы төңкеріп алып, бала шыр етіп құласа, жеңгем айқайға басатын.
– Әй, жүгермек, байқап жүрмейсің бе, жоныңнан таспа алайын, пәтшағар! – деп, Назипа жеңгем таяқ алып, қуалап жүріп, аямай шықпыртып сабайтын. Оған да арқам үйреніп кеткен бе, әлде бала болған соң таяқ жегенімді тез арада ұмытып кетем бе, ертеңіне барқыт сөмкемді сүйретіп, мектептен шыға сала мені біреу сағынып тұрғандай қайта келіп тұрам. Айтпақшы, Назипаның шешесінің аты Дүрия екен. Бір күні мектептен келе сала, класта ән сабағында үйренген жаңа әнге бастым.
– Базардан алып келген дүрия бешпет… – деп, әнді бастағаным сол, жеңгем жын ұрғандай атып тұрып, —Есуас жүгермек, менің шешемді әнге қосып, құрдасың ба еді, ей! – деп, мені қуа жөнелгені. Сол күннен бастап, жеңгемнің анасының есімі Дүрия екенін тентектеу қу бала біле қойдым. Әрең дегенде жеңгемнің қаһарынан қорқып, құйын-перен қашып, қыр үстіндегі әке-шешемнің үйіне келіп, бірақ тыншыдым. Ертеңіне жеңгемнің қуа жөнелгенін ұмытып, қайта келдім. Шай ішіп, көңілім жайланған соң, есіме кешегі ән түсе кетіп, балалық еріккеннен ойнақылығыма бастым.
– Базардан алып келген дүрия бешпет… – деп, әлгі әнді қайта бастағаным сол, жеңгем тырқыратып, шыбығын кезеп, қайта қуып ала жөнелді. Абырой болғанда бұл жолы ащы етіме тұщы таяқ тимей, мен қырды асып, қашып үлгердім. Енді ішім пысса, көкемнің үйіне барып, осы әнді айтып, жеңгем Назипа мені ұруға шыбық тапқанша алды-артыма қарамай тым-тырақай қашатын болдым. Көкем ауырғаннан бері жеңгем Назипаның қабағы қарс түйіліп, көңіл-күйі болмай, болымсыз нәрсеге шырт етіп, тез ашуланатын. Сөйтіп жүргенде, күзге таман көкем ауруханадан оралды. Бұл кезде ауру меңдеп, мүгедек болған көкемнің халі нашар болатын. Күні бойы күрк-күрк жөтеліп, ескі тонға оранып-шымқанып отырса да суықтан тоңғандай жөтелін қоймайтын. Қашан көрсең де күл салған бақырға қақырып-түкіріп, екі иінінен әрең демалып отырғаны. Бұрынғы кездегі екі иығына екі кісі мінгендей алпамса денелі көкемнің екі иығы қушиып, құр сүйегі қалыпты. Назипа жеңгем науқас күйеуін жақтырмайтынын жасыра алмай, анда-санда көкем сыртқа шығып кеткенде, зарлап қоя беретін.
– Көксау неме, не өлмеді, не жазылмады, маған масыл болды ғой, құрғыр-ай! – деп, мұрнын тыржитатын. Оны естіп қойса, көкем қазіргі дімкәс аурулы халіне қарамай әйеліне жұдырығын ала жүгіретін.
– Мен саған көрсетейін көк¬сауды! Аузыңа келгенді айтып, не шатып отыр¬сың, онсыз да жетісіп отырмағанда жыныма тидің ғой, – деп, әйелін қуа жөнелетін. Сөйтіп, көкем ауырғаннан бері бұрынғы сүттей ұйыған үйден береке қашты. Ұрыс-керіс көбейіп, ақыры Назипаның ағалары жүк машинасымен келіп, көрпе-жастық – жүктерін, сандық, кереует сияқты жиһаздарын тиеп, екі ұлы – Алтай мен Аман-тайды кабинаға отырғызып, әке-ше¬шесі Жәку мен Дүрияның үйіне көшіп кетті.
Көшкен жұрттың орнындай, үй қаңырап бос қалды. Әйелі Назипа кетіп қалған соң, көкем жиі күрсініп, үсті-үстіне темекі шегіп отырды. Мен бұл кезде екінші класта оқып жүргем, сөмкемді иығыма іліп алып, жапанда жалғыз қалғандай, үй-мүліксіз қаңырап қалған қуыс үйде бір өзі қалған көкемді аяп, тәмпіш танаулы кішкентай қара бала үндемей селтиіп, көкеме қарап тұрдым. Бір кезде маған көзі түсіп, екі жанарынан мөлт-мөлт тамған көз жасын маған көрсеткісі келмей жеңімен шапшаң сүртті.
– Жүр, Бағлан, жоғарғы үйге, апаң мен атаңның үйіне барайық, – деді. Мен көкемнің соңынан қалмай томпаңдап еріп келем, көкем көкірегін кере күрсініп, жүрісін жылдамдата түседі. Мен кейде жылдам жүрісіне ілесе алмай, томпаңдап жүгіріп жетем, өз ойымен өзі болып, мені мүлде қаперінен шығарды ма, кім білсін, аяғын адымдай басып, жүрген сайын ауыр күрсінеді, әлде жылап келе ме, мұрнын тартқыштап қояды. Мен көкемнің артынан қалмай ентіге жүгірем. Бейне бір өз төлінен жеріген саулықтың артынан маңырап ерген қара қозыдай, кенже бауыры – мені мүлде есінен шығарған көкемнің соңынан қалмай салпақтаймын. Ақыры, жоғарғы қырда тұратын атам мен апамның үйіне келіп жеттік-ау, әйтеуір. Болған жайды көкем қысқаша айтып бергенде олардың да көңіл-күйлері бұзылды.
– Мен құрт ауруымын. Әйеліме өкпем жоқ, қашанғы науқас адамды бақсын, – деп, дауысы жыларман болып, өзін-өзі ұстай алмай жылап жіберем бе деді ме, сөзінің аяғын жұтып айтпай, үйден атып шықты. Дәм-тұздары жараспады ма, екеуі үш-төрт жылдың арасында айрылысып тынды, бесіктен белі шықпаған кішкентай ұлдары Алтай, Амантай анасымен қоса кетті, тұңғыштары Сәуле әке-шешемнің қолында қалған.
Сол күннен бастап, жар астындағы көкемнің үйі жалғызсырап тұрғандай, мен мектептен шыға сала көкемнің үйіне келіп, иесіз қаңырап қалған үйді жалғыз өзім қимай айналшықтап жүретінмін. Бір кездегі балалармен бірге асыр салып ойнап жүрген көңілді үй тым-тырыс. Жапан далада жалғыз қалғандай, есігінде қара құлып тұратын. Мен жабырқау көңіл-күймен үйді тастап кетуге қимай, біраз айналшықтап, амалсыз артыма жалтақтай қарап, жоғарғы қыр басындағы әке-шешемнің үйіне беттейтінмін. Көкемнің созылмалы құрт ауруы жазылмай, күн өткен сайын күрк-күрк жөтеліп, ауруханадан айлап, жылдап шықпайтын болды. Әке-шешем бірнеше рет Назипаның төркініне барып сөйлескенмен жеңгем үйге қайтудан мүлдем бас тартты.
– Көксау әкесінен жас балаларға ауру жұғуы мүмкін, Төкен жазылғанша маған үйге қайт деп өтініш айтпаңыз¬дар, – деп, әке-шешемнің де, басқа жанашыр жақын-жуықтың да меселін қайтарыпты. Сонымен, жар астындағы жалғыз үй ұзақ жылдар жалғызсырап тұрды. Бұрынғы аппақ жұмыртқадай әдемі сипатынан айырылып, керегесінің әктері, сылақтары түсіп, есігінің топсасы опырыла сынып, үйдің іші шашылып, берекесі кетті. Екеуі айрылысқанына бірнеше жыл өтті. Жыл өткен сайын үйдің сиқы қашып, керегесі құлай бастады. Мен үйреншікті әдетіммен мектептен шыға сала көкем жазылып келіп қалатындай, үйге жүгіріп келетінмін. Бір келгенімде тентек балалар иен үйдің терезесін сындырып кетіпті, әйнегі сынған терезе үңірейіп, кеудеңе қорқыныш ұялатады екен. Алайда бір кездегі көкем мен жеңгемнің жан жадыратар әсем әнін сағынып, баяғы сүттей ұйыған отбасы қайта оралатындай, үкілі үмітімді үзбейтінмін. Сөйтіп, баяғы думан-шаттықа толы үйдің жетімсіреген сыңайын сезіп, алабұртып асыға келген бала көңілім құлазып, сөмкемді сүйретіп, қыр басындағы әке-шешемнің үйіне қайтатынмын. Көкем жуық арада жазыла қоймады, жеңгем де төркінінен қайта оралмады. Бұрынғы жаныма жақын, жан жадыратар асыл елесті қуалап келгендей, күн сайын мектептен шығысымен үйді бір шолып қайту – ежелгі әдетіме айналды. Бірақ жүрегім алабұртып, күн сайын көкемнің бақытты отбасын құрып отырғанын көргім келгенмен, мен асыға күткен өзгеріс жақын арада бола қойған жоқ. Шаңырақ баяғы бақытты отбасының құр елесіндей жападан-жалғыз жетімсіреп тұрды. Әлдеқандай үміт жетегінде жүретін балалық аңғалдықпен көкемнің сауығып келуін бір Алладан тіледім. Назипа жеңгем екеуінің қосыла шырқаған әсем әнін сағынып, балалық үмітпен елес қуып келгендей, күн сайын осы жаққа келуімді әсте тоқтатпадым. Кейде жеткенше асығатынмын, балалық аңқаулықпен бұрынғы жадыраған отбасы қайта жиналып отырғандай, әлдене жақсылықтан құр қалғандай жүгіре жетіп, есіктегі баяғы қара құлыптың мелшиіп тұрғанын, есік, терезесі сынып, үңірейіп тұрған жетім үйді көріп, жасып қалатынмын. Бірақ ертеңіне бәрі бір күнде өзгеріп қала ма деген балалық дәмемен қайта асығып келетінмін. Күн өткен сайын сенімім азайғанмен, жүрек түкпіріндегі бұрынғы сүттей ұйыған отбасын аңсап маздаған үміт оты сөнбеді. Тек, жоғары класқа өткен соң ғана бұрынғы көкемнің тату-тәтті отбасының қайта оралмайтынын, бұрынғыдай айлы аспан астында жұлдыз санап, көкем мен жеңгемнің қосыла ән шырқамайтынын, бұл бақытты шақтардың ешқашан қайталанбайтынын, аспандағы жымыңдаған сансыз жұлдыздарды санап, тәтті қиялға батпайтыным, күзде құс жолымен «тыру-тыру» деп, жылы жаққа беттеген тырналар тізбегін көріп, қуана айқайлай алмайтыным, міне, осының бәрін – ащы шындықты сонда ғана түсіндім. Мен бақытты балалық шақтан айырылғым келмей, өткен шақтың ессіз елесін қуып жүргенімді есейіп ес жиған соң бір-ақ түсіндім. Бәлкім, сол кезде мен бақытты, бейқам балалықпен біржола қоштасып, есейе бастаған шағым болар. Тек қана бұрынғы жүрек түкпіріндегі сонау өткен күндерді аңсаған, аяулы сағыныш қана естелік болып қалып, өткен шақты мұңая еске алатын болғам.
Мен орта мектепті бітіргенде жар астындағы жалғыз үйдің құр сұлбасы ғана қалды. Көп ұзамай астанаға жоғары оқу орнына кетіп бара жатқанда алыстан ағараңдап көрініп тұрды. Мен өзіме таныс үйді, өкпесі қабынған көкемді, жеңгем ¬Назипаны, тірі жетім балаларын аядым. Қимастықпен іштей іші-бауырым езіле қоштастым. Өзен аңғарымен астанаға қарай жүйткіген жолаушы автобусымен қоса менің жүйрік қиялым да өткен шақтарды кезіп, көпке дейін балалық шақтың бір белгісіндей ағараңдап көрініп тұрған көкемнің үйін қимай кетіп бара жаттым. Көз алдыма көкемнің баянды шабыттана құлаштап, құйқылжыта баян тартып отырған кезі, жеңгемнің көк аспанға қалықтата салған асқақ әні, көкемнің сүттей ұйыған тату-тәтті бақытты отбасы жайлы тәтті елестер, айлы түндері көкемнің қиял-ғажайып ертегісін тыңдап, құс жолына қарап, қиялға шомған сәттерім, өзен аңғарында құлын-тайдай асыр салған бақытты балалық шағым – бәрі-бәрі көкірегімде сайрап, кино тізбегіндей көз алдымнан өтіп жатты. Мен өткенді жүрегім сыздап, қимай еске алдым, бұл балалық шақпен соңғы рет қоштасу екенін де жан-жүрегіммен сезіндім. Жар астындағы жалғыз үй – менің балалық шағымның бір бөлшегіндей алыс астанаға арман қуып беттеген, менің мінген автобусым ұзағанша алыстан мұнартып, бір кезде асыр салып ойнаған, әр нәрсеге жас баладай қуанған, алаңсыз пәк көңілді қарадомалақ балаға – маған, алыстан қол бұлғап тұрғандай, көпке дейін ағараңдап көрініп тұрды. Автобус қыр асып кеткен соң ғана үй көзден таса болды. Сол күні алыс астанаға арман қуып кетіп бара жатқан, қарадомалақ қазақтың қара баласы балалық шақпен мүлде қоштасып, үкілі үмітпен үлкен өмірге аяқ басқан еді…
Бақыт МЕРЕКЕНОВА