Болашақ заңгерлермен мәміле
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінде қаладағы Қазақ гуманитарлық заң және техникалық жоғары колледжімен екі жақты тиімді байланысты қарастыратын меморандумға қол қойылды. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл оқу орны 2001 жылдан бастап «Құқықтану» факультетінде, 2009 жылдан бері «Құқық қорғау қызметі» факультетінде маман дайындап келеді. Биыл колледж қабырғасынан алпыстан астам студент маман атанып шықпақшы.
«Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінде еліміздің экономикасын қылмыстан қорғау үшін тәжірибелі қызметкерлер жұмыс жасайды. Экономиканың түрлі саласындағы қылмыстарды ашу бойынша өткен жылы 255 қылмыстық істің өндірісі жүргізіліп, мемлекетке келтірілген 2,5 млрд.теңгенің залалы қайтарылды. Екі жақты келісім арқылы енді жоғары санатты қызметкерлер студенттер алдында дәріс оқып, түсіндіру кездесулерін өткізетін болады. Ал студент жастар, өз кезегінде, департаментке тәжірибеден өтуге келе алады», - делінген хабарламада.
Қоғамды қаржылық заңсыздықтар, салықтан жалтару, заңсыз ойын, контрафактілік тауарлар айналымы сияқты қауіпті әрекеттерден сауықтыру үшін жастармен өзекті тақырыптарда шаралар жүргізу маңызды. Екі жақты меморандум осыны көздейді.