Көз жанарын сақтаймын десеңіз...
Офтальмолог Балжан Әміртаевадан кеңес.
Қазір тек елімізде ғана емес, әлем халқы көз жанарының көптеген ауруларынан зардап шегіп отыр. Соңғы жылдары оның қарқын алуына телефон, компьютер мен гаджеттердің өміріміздің бір бөлшегіне айналғандығы да себеп болуда. Зерттемелер нәтижесі күнделікті өмірде әрбір адам 6-10 сағатын ілгерідегі заманауи технологияларға арнайтынын көрсетеді. Осы орайда, білікті офтальмолог Балжан Әміртаевамен сұхбаттасып, маңызды сұрақтарға жауап алған едік.
– Ел ішінде көздің қай ауруы ең көп таралған?
– Қазір балалар мен жасөспірімдер алыстан нашар көрушілікке жиі ұшырап жатыр. Оған жақын қашықтықта көзге салмақтың көп түсуінен оптикалық жүйенің өзгеріп кетуі себеп. Ал ересектер арасында бірінші орында катаракта, көз бұршағының тұмандануы, глаукома мен көздің ішкі тор қабығының түрлі дерттері басым. Науқастардың саны да жылдан-жылға өсіп жатыр.
– Бұл дерттердің кең таралуына не түрткі? Олар жасарып бара ма?
– Жаппай ақпараттандыру көзге түсетін салмақты көбейтіп жіберді. Түрлі гаджеттердің алдында уақытымыздың басым бөлігін өткізетіндіктен, іс-қимылымыздың көрсеткіші күрт төмендеді. Сонымен қатар, көзбен байланысты қан тамыр дерттері, қант диабеті, артериальды гипертензия секілді аурулар өршіп барады. Расында да, көз дерттері жылдан жылға жасару үстінде. Бұрын қарт адамдарда кездесетін дерттер қазір 40 жастағыларды мазалап жүр.
– Қауіп-қатер тобында кімдер бар?
– Ілгеріде айтып кеткенімдей, денсаулыққа қатысты түрлі проблемалар көз жанарын да айналып өтпейді. Біздің ағзамыз бір-бірімен тығыз байланыста. Жалпы, көз аурулары шала туылған балаларда көп кездесіп жатады. Сол сияқты қауіп-қатер тобына артериальды гипертензия мен қант диабетіне ұшырағандар кіреді. Байқасаңыз, тіпті тұмаудың да офтальмологиялық әсері болуы ықтимал.
– Көз ауруларында тұқым қуалаушылық жиі кездесе ме?
– Кез келген аурудың атадан балаға бейімділігі болады. Оны жоққа шығара алмаймыз. Алайда, одан бөлек, әрбір адамның өмір сүру салты мен күнделікті әдет-ғұрпы да маңызды рөл ойнайды. Тұқым қуалаушылыққа бейімділік болса да, кейбір жандарда ол көрініс бермеуі мүмкін. Мәселен, әкесінде де, анасында да алыстан нашар көрушілік кездесетін бала көзіне аса ауыр салмақ түсірмей, дұрыс өмір салтын қалыптастыра білсе әке-шешесіндегі дерт мұны айналып өтуі ғажап емес. Бұған қоса, туғаннан патологияға ұшырайтын генетикалық аурулар кездесіп жатады. Олардың қатарына альбинизм, туа біткен глаукома, ретинопатия және т.б бар.
– Профессор Ждановтан «линза – көзді құрдымға жіберуші» дегенді оқып қалып едім. Сонда линзаның қаупі тым жоғары ма?
– Көзілдіріктің де, линзаның да өзіне тән артықшылығы бар. Жанаспалы линза жастар арасында танымалдыққа ие. Себебі, оны пайдаланушы өзін күнделікті өмірде ыңғайлырақ сезініп, белсенді өмір салтын сақтана алады. Оның үстіне, линзада көздің өткірлігі жоғары. Орта және жоғары алыстан нашар көрушілік кезінде көз үлкен әрі фокус көз торында орналаспағандықтан, дұрыс таңдалған линза көздің прогресс жасауына көмектесіп жатады. Яғни, жанаспалы линзаның көзәйнекке қарағанда пайдасы көп деген сөз. Оның қолдану қағидаларын дұрыс сақтай білсе, зияны аз.
Ал көзілдіріктің бағасы арзан әрі оны қолдану еш қиындық туғызбайды. Кейбір адамдар имидж бен стиль үшін де пайдаланып жатады. Сондай-ақ, көздің бірлі-екілі ауруларында көзәйнек тығырықтан шығатын жалғыз жол болуы мүмкін. Сондықтан кез келген адам өзіне ыңғайлы коррекцияны таңдауына құқығы бар. Естеріңізде болсын, линза мен көзілдірікті тек оптикалардан сатып алыңыз.
– Экраннан шыққан сәуленің көзге зияны қаншалық? Одан қорғану үшін не істемек керек?
– Компьютердің алдында арнайы қағидаларды сақтанбай ұзақ отыру көздің нашарлауына әсер етеді. Оның мәнісі мынада: көз алысқа қараса, өзін бос сезінеді, ал жақын қашықтыққа қарау көздің бұлшық еттерін жұмыс істеуге итермелейді. Компьютермен жұмыс кезінде көз көп қимылдауға мәжбүр, ал оның қимылы шектеулі. Оған қосымша, компьютер алдында ұзақ отыру жоғары иық белдеуіне де әсер етеді. Нәтижесінде үлкен жүктемеден дене бұлшық етері шаршап, көз жанарымыз талып, қолайсыздыққа тап боламыз. Бұдан көздің құрғақтануы синдромы шығады.
– Ол синдромның пайда болуының тағы қандай себептері бар? Ол дерттің емі не?
– Соңғы 30 жылда көздің құрғақтану синдромы 4,5 есеге артып отыр. Әсіресе, жасы 65- тен асқан егде кісілерде жиі кездесуде. Сонымен қатар, ер адамдарға қарағанда, әйелдер үш есе көп көздің құрғақтануына шалдығып жатыр. Жоғарыда атап өткендей, оған бірінші кезекте гаджеттер әсер етсе, екіншіден бөлме ішіндегі кондиционер, орталықтан жылыту, қоғамдық көліктердегі салқындатқыштардың зияны бар. Бұл аталғандардың кесірінен көздің жас бөлетін пленкасына зақым келіп, ол жыртыла бастайды. Тіпті түтін, қаладағы ауаның ластануы секілді проблемалар, организмдегі түрлі дерттер да осы синдромның пайда болуы түрткі болады. Ал ол үлкен кісілерде бұлшық ет тонусының нашарлауынан туындайды. Ең қиын жағдайда, яғни жыртылып кеткен пленканы қалыпқа келтіру үшін ота жасалып жатады. Дәл уақытында офтальмологқа көрінген науқасқа дәріханалардан жасанды жас дәрілерін пайдалануға кеңес беріледі. Көздің құрғақтануы көздің өткірлігін азайтады.
– Компьютермен жұмыс кезінде қандай қағидаларға бағынған жөн?
– Монитормен көздің арасындағы қашықтық 40-75 см болуы керек. Экран ортасы көз деңгейінен 15-20 см төмен тұруы шарт. Иықтарымыз еркін, денеміз бос болуы мндетті. Экранның жарығы, бөлменің жарығымен сәйкес келуін қадағалаңыз. Сол сияқты компьютер алдында өткізген әрбір сағаттан соң 5-10 минут демаламыз. Экраннан алшақтап, көзімізге денемізге жаттығулар жасаған дұрыс. Сол сияқты оптикаларда сатылатын фотохромды көзілдірік тағуға кеңес беремін.
– Монитормен көздің арасындағы қашықтық 40-75 см болуы керек. Экран ортасы көз деңгейінен 15-20 см төмен тұруы шарт. Иықтарымыз еркін, денеміз бос болуы мндетті. Экранның жарығы, бөлменің жарығымен сәйкес келуін қадағалаңыз. Сол сияқты компьютер алдында өткізген әрбір сағаттан соң 5-10 минут демаламыз. Экраннан алшақтап, көзімізге денемізге жаттығулар жасаған дұрыс. Сол сияқты оптикаларда сатылатын фотохромды көзілдірік тағуға кеңес беремін.
– Көзге арналған арнайы диета бар ма? Көзге пайдалы және зиян деген тағамдарды атап өтсеңіз...
– Күнделікті рационға өзге пайдалы дәруменге толы жеміс-жидектер мен тағамдарды қосудың маңызы жоғары. А, В2, С дәрумендері көздің тор қабығы мен өткірлігіне жақсы әсер етеді. А дәрумені кілегей май, нәлім (треска) бауыры, тауық жұмыртқаларында көп кездеседі. Ал В2 сүтті және ашытқан сүт өнімдерінде, асжапырақ, түрлі-түсті орамжапырақ, бұршақ, жасыл пиязда көп. С дәрумені қара қарақат, қаражидек, шырғанақ, болгар бұршағы, цитрусты жемістерде бар. Көз үшін басты микроэлемент, ол – цинк. Бұл өте тамаша антиоксидант. Ол саңырауқұлақта, какао, күнжіт, асқақбақ дәнінде мол.
– Өзіңіз көз жанарыңызды қалай күтесіз?
– Мүмкіндігімше салауатты өмір салтын сақтауға тырысамын. Үйде арнайы бағдарламамен түзілген жаттығулар жасап отыруға дағдыланғанмын. Сол сияқты дұрыс тамақтанып, негативті эмоциямен күресуге барымды саламын.
– «Эмоциямен күресуге...» деп қалдыңыз, сонда стресс те көздің нашарлауына себеп бола ала ма?
– Стресс тек көзге ғана емес барлық организмнің жауы деуге болады. Дабыл, жүйкенің жұқаруы қандағы адреналин деңгейін, артериальды қысымды көтергенінің кесірінен миға қан жеткілікті түрде жетпей қалады. Оның көзге де тигізер өзіндік әсері бар.
– Кинотеатрдан 3D фильм қарау қаншалық көз жанарына зақым келтіреді?
– 3D мен 5D кинотеатрында көз үлкен картиналардан иллюзия қалыптастыруға тырысамын деп, өзіне аса үлкен зақым келтіреді. Негативті эффекттен құтылу үшін ұстамды болып, алдамшы суреттерден өзіңізді шаршатпауға шақырамын. Ондай фильмдерді 15-20 минуттан артық көрудің қажеті жоқ. Сонымен қатар, экран көрермендерден 15 метр әрірек орналасуы керек. Егер осындай ережелер сақталатын болса, келер қауіп аз болады.
– Лазерлі коррекцияны 21 жасқа дейін жүргізбейді, оның себебі неде?
– 21 жасқа дейін де ондай операциялар жасалып жатады. Бірақ, ол үшін көздің түрлі рефракциясы (көздің оптикалық жүйесіндегі жарық сәулесінің сыну процесі) деген секілді нақты медициналық түсінік керек. Ерте жаста лазерлі коррекцияны жасамаудың себебі – бала қалыптасып болмағандықтан, оның көзі өсе береді. Ал көз өскендегі нақты рефракцияны есептеу мүмкін емес нәрсе. Оның үстіне лазерлі коррекция жақсы әдіс болғанмен, оның өмірге келгеніне көп уақыт өткен жоқ. Яғни, оның соңы немен аяқталатыны әлі ғылыми түрде дәлелденбеген.
Офтальмологтан қосымша кеңес:
Көздің саулығы бірінші кезекте сіздің жалпы денсаулығыңыз бен күнделікті өмір дағдыңызға тікелей байланысты. Егер балаңыздың көзі дұрыс дамысын десеңіз, толыққанды коррекция (көзілдірік пен линза) мен ұзақ серуен, күнделікті офтальмологтың қадағалауы қажет етіледі. Америка педиатрия академиясының ұсынысына орай, сәбиіңізді офтальмологтің алдына алты айға жетпей апарыңыз. Бұл қауіпті патологияың алдын алып, көру аппаратын дұрыс дамуына ықпал етуге жәрдемдеседі. Ол арқылы туа біткен катаракта, глаукома мен көздің мүйізгек қабығының тұмандануы секілді дерттердің жолын кесуге мүмкіндік бар. Дәрігерге баланы 1-3 жас аралығында әр жыл сайын апарып тұру керек. Ондағы мақсат – «жалқау көз» (жоғары алыстан көрушілік, миопия, астигматизм, қылилық) дамуын алдын ала біліп отыру. Көзге тексерілудің кестесіне сәйкес 3-4 жастан бастап, 5, 6, 8, 10, 12, 15 жас болып табылады.
Айтып өткендей, ересек адамдарда көздің нашарлауына қант диабеті, катаракта, глаукома және көз торының дистрофиясы сияқты дерттер әсер етеді. Сондықтан жиі офтальмологқа барып отыру керек:
- 40-54 жас аралығында: әр 2-4 жылда,
- 55-64 жас аралығында: әр 1-3 жылда,
- 65 жастан жоғары жандарға: әр 1-2 жылда.
- 40-54 жас аралығында: әр 2-4 жылда,
- 55-64 жас аралығында: әр 1-3 жылда,
- 65 жастан жоғары жандарға: әр 1-2 жылда.
Ең бастысы күннен қорғайтын көзілдірік тағып, дәруменге толы тағамдарды пайдаланып, артериальды қысымды бірқалыпты ұстап, қандағы глюказа деңгейі мен салмағыңызды бақылап отыруды ұмытпаңыз. Темекі тартпай, физикалық белсенділікке көшіңіз.