Қазгидромет: Қазақстанның басым бөлігінде жел күшейіп, жауын жауады
Мамырдың 17-сі күні Қазақстан аумағынан атмосфералық ағымдардың өтуіне байланысты кей жерлерде жауын жауады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысының кей жерлерінде тұман түсуі ықтимал. Түнде республиканың кей жерлерінде, күндіз басым бөлігінде желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Күндіз Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар аймақтарында жел күшейеді, басым бөлігінде желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетіп, кей жерлерінде екпіні 23-28 м/с-қа дейін күшейеді. Кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.
Қызылорда облысының аймақтарында шаңды дауыл көтеріледі, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетіп, екпіні 23-28 м/с болады. Бұршақ жаууы мүмкін.
Жамбыл облысында жел секундына 15-20 метр жылдамдықпен ұйтқиды, таңертең және күндіз екпіні 23 м/с-ке дейін күшейеді.
Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде жел 15-20 м/с күшейюі күтіледі, бұршақ жаууы мүмкін.
Атырау облысының бірқатар аумақтарында түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Алматы, Түркістан, күндіз Ақмола облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с жылдамдықпен ұйтқиды.
Маңғыстау, түнде Павлодар, түнде және таңертең Шығыс Қазақстан облыстарында тұман түседі.
Павлодар, Қарағанда, Шығыс Қазақстан облыстарында 1-8 градус аралығында үсік жүреді.
Ақмола, Алматы облыстарының кей жерлерінде үсік -3 градусқа дейін сақталады.
Қызылорда облысында өрт қауіпі өте жоғары деңгейде болады.