7 жылдың ішінде кейбір салалардағы кадр саны 30 пайызға қысқаруы мүмкін
oldkaz.kyzylorda-news.kz. 7 жылдың ішінде кейбір салалардағы кадр саны 30 пайызға қысқаруы мүмкін. Бұл туралы бүгін XII АЭФ аясындағы Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына арналған конференцияда «Disco Consulting Group» серіктесі Дәулет Арғандықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, пессимистік болжамдарға сәйкес алдағы 7 жылдың ішінде кейбір саладағы кадрлардың саны 30 пайызға дейін қысқаруы мүмкін.
«Негізінен жұмыс регламенттеледі және жұмыстың барынша қарапайым алгоритмі қолданылады. Содан кейін енді 15 жылдан кейін бұл цифр 50 пайызға дейін жетуі мүмкін. Яғни, бұл жұмыс орындарын роботтар алмастыруы ықимал», - деді ол.
Сонымен қатар ол еңбек нарығы дамуының оң сценариі болуы мүмкін екендігін айтты.
Ал конференция жұмысына қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның стратегиялық жоспарын жүзеге асыру ел экономикасын жыл сайын 4,5-5 пайыз өсімін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты. Бұл еліміздің әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге бағытталған мақсатына сай келеді.
«Еңбек өнімділігін 50 пайызға арттыру арқылы өсім сапасын қамтамасыз ету жоспарланған. Ол үшін шикізаттық емес экспорт көлемі 41 млрд долларға жетіп, ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесі 35 пайызға дейін артуы қажет», - деді Г.Әбдіқалықова.