Ерлі-зайыптылар сотсыз татуласты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жалағаш аудандық соты неке бұзу туралы азаматтық істі медиация тәртібімен қысқартты, деп хабарлайды Жалағаш аудандық сотының баспасөз қызметі.
Талап қоюшы Г. есімді азамат талап арызында отбасылық жағдайды баяндаған. Ол өз арызында жауапкермен Б. есімді азаматпен 2008 жылдан бері заңды некеде тұратынын, кәмелет жасқа толмаған 4 баласы барын, жұбайының өзін сыйламайтынын, бала тәрбиесімен айналыспайтынын, мінездері сәйкес келмейтінін, жиі отбасылық ұрыс болатынын және бұдан әрі отбасын сақтау мүмкін еместігін көрсеткен.
Сот екі тарапқа медиацияның отбасылық қатынастар саласындағы ерекшеліктері туралы түсіндіріп берді. Мұнан соң ерлі-зайыптылар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келді.
Келісімге сәйкес, талап қоюшы некені бұзбауды қалап, жауапкер жұбайына сыйластық танытуға және өзіне жүктелген барлық міндеттерді дұрыс атқаруға міндеттелді.
Азаматтық істі қараған судья тараптардың дауды реттеу туралы келісімін сот медиациясын жүргізу тәртібімен бекітіп, іс жүргізу тоқтатылды. Сонымен қатар мемлекеттік баж талап қоюшыға қайтарылды.