Жас сарбаздар әскерге аттанды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің облыстық жиын пунктінде сарбаздарға арналған салтанатты шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметінен.
Қонақтар әскерге аттанғалы тұрған 55 сарбазға өздерінің Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, елге аман-есен оралуларына тілектес екендігін жеткізді.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 2019 әскери бөлімінің оркестр құрамының сүймелдеуімен және «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері патриоттық әндер шырқады.
Сонымен қатар 66597 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қоян қолтық ұрыс әдіс-тәсілдерін көрсетті.
«Сыр елінің азаматтары жігерлі әрі тәртіпті келеді. Ұлдарыңыздың Отан алдындағы борышын өтейтін әскери бөлімде барлық талапқа сай жағдай жасалынған. Әскери бөлімде өз саласының білікті де, білімді офицерлер мен сержанттар қызмет атқарады. Сондықтан тәрбиелеп өсірген балдарыңыздан тек қуанышты хабар күтіңіздер! Бір жыл уақыт қас-қағым сәтте өтеді» - деді Гвардейск кентінде орналасқан ҚР ҚК Құрлық әскерінің 30212 әскери бөлімінің ұлан майоры А.Рысбаев.
Айта кетейік, бұған дейін сарбаздар ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне, ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдерге және элиталы әскери құрылым саналатын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне межеге сәйкес жіберілді. Алдыңғы топ Отан алдындағы анттарын қабылдап, әскери тапсырмаларды орындауда.
Келесі кезекте ҚР ІІМ Ұлтық Ұланға сарбаздарды іріктеу жұмыстары жүргізілетін болады.