Бонус – мемлекеттік қызметкердің жағдайын жақсартады – Саян Ахметжанов
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде жаңа жүйе бойынша мемқызметкерлерге берілетін бонус төлеміне қатысты онлайн брифинг өтті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлердегі департаменттерінің онлайн режимінде өткен брифингіне агенттіктің аппарат басшысы Саян Ахметжанов қатысты.
Жиында мемлекеттiк әкімшілік қызметшiлерге пилоттық режимде еңбекақы төлеудің мәселелері талқыланды. Саян Ахметжанов қызметшілерге төленетін бонустардың мөлшерін есептеу әдістемесін түсіндірді.
Аппарат басшысының айтуынша, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі арнайы қаражат көлемін бекіткен.
«Бонус - мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша белгіленетін ақшалай төлем. Агенттік пен оның аумақтық департаменттеріндегі әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерге бонус мемлекеттік органның бонустық қоры анықталған соң төленеді. Ал құрылымдық бөлімшелердің бонустық қоры басшының жеке жұмыс жоспарының орындалуын бағалауға байланысты беріледі. Егер бөлімше басшысы қызметкерді бағалау қажет деп тапса, қызметкерлерге сыйақы тағайындалады», - дейді Саян Ахметжанов.
Кез келген мемлекеттік қызметкердің бонусын арнайы құрылған комиссия анықтайды. Бонусты есептеудің арнайы формуласына сәйкес, бағаланған пайыз қызметкердің нақты атқарған жұмыс күндерінің санына көбейтіледі.
Аппарат басшысының айтуынша, агенттікте жалпы орта есеппен алғанда әкімшілік қызметкерлерге сомасы 1 және 1,5 млн теңге мөлшерінде бонус төленген. Саян Ахметжанов қосымша қаражат қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарта отырып, өз жұмысында міндетін адал атқаруға бірден бір себебін тигізетінін айтады.
«Жаңа жүйе бойынша еңбекақы төлеуде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Агенттікте пилоттық жоба жүргізілуде. Осыған байланысты өткен жылдың өткізілген бағалау нәтижесінің қорытындысымен 5 жалақы көлемінде бонус алдым. Бұл менің отбасым үшін үлкен қаржылық көмек болды. Осы түскен қаражат есебінен жоғарғы оқу орнында оқитын балаларымның оқу ақысын төледім», - дейді агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы Нұралы Бақытжан.
Жиында агенттік төрағасы Айгүл Шаимова қазіргі таңда мереке қарсаңында мемлекеттік қызметкерлерге берілетін сыйақылардан бас тартылғанын айтты.
«Біз мерекелерге арналған сыйақылардан бас тарттық және қызметкерлерді ынталандыру мақсатында тек бонустарды пайдаланамыз. Бонустар жылына бір рет төленеді және бұл жұмыста айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген қызметкерлерге беріледі», - дейді Айгүл Шаимова.