«Нұрбол-И» зауыты тәулігіне 20-25 тонна күрішті ақтауға қауқарлы
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бүгінде Жаңақорған ауданында аграрлы саланы дамытуда тың серпіліс бар. Қожакенттік Изатулла Үсенов төрағалық ететін «Нұрбол-И» шаруашылығы күріш ақтайтын диірменді іске қосты. Қытай елінде құрастырылған шағын зауыт тәулігіне 20-25 тонна ақ күрішті ақтауға қауқарлы.
«Елбасы жыл сайынғы Жолдауында аграрлы саладағы экспорттық әлеуетті арттыру жөнінде Үкіметке нақты тапсырма жүктеуде. Жалпы, нарықтық экономика қатаң бәсекелестікпен сипатталады. Бәсекеге қабілетті өнім шығара алсаң ғана, оны экспорттауға даңғыл жол ашылады. Бұл бағытта біздің күріш ақтау зауыты стандартқа сай. Оған қоса, жаңа элеватор орнаттық. Қазақстан қалаларынан бөлек, көршілес елдерге өнімді саудалауды бастадық. Әзірге Өзбекстан, Ауғанстан еліне ақталған күріш экспорттадық», – дейді Изатулла Үсенов.
Механик, қырман меңгерушісі сынды қызметте шыңдалған Изатулла ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, көзін тауып қапысыз қимылдағанның қыр асатынын ісімен дәлелдеді. 2012 жылы «Нұрбол-И» шаруа қожалығын құрып, егін және мал шаруашылығын қатар дамытуға білек сыбана кірісті. Бүгінде 200 гектар суармалы жері мен 500 гектар мал жайылымдық жерінен несібесін теруде.