16 мамыр: Ел тарихында орын алған оқиғалар
2006 жылы Астанада локомотивтер құрастыру зауытының іргетасын қалау салтанатты рәсімі өтті. Зауытты салуға ҚР Көлік және коммуникация министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ және американдық «Gеneral Electric» компаниясы бастамашы болды. Зауыт 2-ші Жылу-электр орталығы мен «Қырқыншы» стансасы аралығында 90 гектар аумақта орналасқан. Зауыттың жобалық қуаты жылына 150-дей локомотив шығаруға есептелген.
2007 жылы БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Тұрақты даму комиссиясының 15-ші сессиясы шеңберінде 2007-2024 жылдардағы Қазақстанның тұрақты даму тұжырымдамасының таныстырылымы өтті. Таныстырылымды БҰҰ-дағы Қазақстанның тұрақты өкілінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі ұйымдастырды. Тұжырымдама елдің 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму бағдарламасын және бәсекеге қабілетті елу ел қатарына кіру мақсатын іске асырудың ең маңызды құралы болып табылады.
2007 жылы Алматыдағы Көктөбеде британдық белгілі «Битлз» тобына ескерткіш орнатылды.
2011 жылы Астанадағы Тұңғыш Президент мұражайында оның қызметкерлері және Жапония елшілігі, Жапония қорымен бірлесіп ұйымдастырған «Жапония қуыршақтары» атты бірегей көрме ашылды.
2012 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап шығарылған 10 000 теңгелік қазақстандық естелік банкнотасы Халықаралық банкноталар бірлестігі (IBNS) өткізген байқау қорытындылары бойынша «2011 жылдың үздік банкнотасы» аталды.
2013 жылы қазақстандық альпинист Аггей Скопин экстремалды спорт түрлері фестивалінде Эльбрус тауына жүгіріп шығудан алтын медаль еншіледі. Еуропаның ең биік шыңын ол 2 сағат 52 минт 42 секундта бағындырды. Жылына екі рет ұйымдастырылатын таңғажайып жарысқа әлемнің 12 елінен жиналған альпинистер қатысты.
2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы эстафетасының символы «Тайқазан» ҚР Ұлттық музейінің қорына берілді.