МӘМС жайлы не білеміз?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтар арасындағы ортақ жауапкершілік принципі бойынша жұмыс істейді. Себебі экономика қанша дамыса да бүкіл денсаулық сақтау саласының проблемаларын бюджеттің мойнына іліп, жауапкершілікті мемлекетке ысырып қоюға болмайды. Өйткені азаматтардың денсаулығы тек медицинаға ғана байланысты емес. Ол азаматтардың өмір сүру салтына, жұмыс істейтін жеріне және әр адамның жеке жауапкершілігіне тәуелді.
Бұл жүйе баршаға теңдей мүмкіндік береді. Яғни, азаматтардың бәріне бірдей, бірыңғай пакет ұсынылады. Мұнда жарнаны әркім өз мүмкіндігіне қарай төлейді, ал медициналық көмекті қажеттілігіне қарай алады. Жүйеге қатысып, жарна төлейтін азаматтар жоғары технологиялық көмек түрлерін тегін пайдалануға мүмкіндік алады. Оның үстіне бұл жүйеде сақтандырылған азаматтар кез келген клиниканың жәрдеміне жүгіне алады. Мұндай жағдайда медициналық сақтандыру қоры клиниканың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында қызмет көрсетуге кеткен шығындарын жауып береді. Екіншіден, сақтандырылған азамат кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері аясындағы медициналық көмек үшін қосымша төлемдердің барлық түрлерінен босатылады. Үшіншіден, медициналық сақтандыру қоры тарапынан фармацевтикалық қызмет көрсететін ұйым ретінде таңдалған кез келген дәріханадан кеңейтілген тізім бойынша дәрі-дәрмек ала алады. Төртіншіден, сақтандырылған азаматтың ай сайын өз атына аударылған жарналар мен медицина мекемелерінде көрсетілген көмек жайлы мәлімет алуға мүмкіндігі бар. Бесіншіден, медициналық сақтандыру қоры болашақта медициналық қызмет сапасы төмен болып жатса немесе міндетті сақтандыру жүйесіне қатысушының құқығы бұзылған жағдайда сақтандырылған азаматтардың құқығын қорғайтын болады. Жүйенің ең басты артықшылығы, медицина саласын дамытуға, бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік беретінінде.
2017 жылдың шілде мен желтоқсан айларында жұмыс берушілер жұмыскерлеріне айлық табысының 1% көлемінде өз пайдасынан төледі, ал жеке кәсіпкерлер сол жылғы ең төменгі айлық жалақының 2 еселеген мөлшерінің 5%-і көлемінде және азаматтық құқықтық келісім-шарт негізінде жұмыс атқаратындарға айлық табысының 5%-і көлемінде жарна мен аударымдар аударып отырды. Әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға мемлекет жарнаны 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өткен екі жылды қоса алғандағы орта айлық жалақының 1,4% көлемінде 13 санат бойынша ай сайын аударып отырады. Аударылған аударымдар мен жарналар Ұлттық банкте сақталады және Қордың ресми сайтында ашық көрсетілім табады.
2018-2020 жылдарға белгіленген МӘМС жарналары мен аударымдарының мөлшері жұмыс берушілер (оның ішінде ЖК мен ШҚ иелері өз жұмыскерлері үшін жұмыс беруші ретінде) 2018-2019 жылдары – 1,5%, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 2%, жеке тұлғалар 2018-2019 жылдар төлемейді де, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЖК (өзі үшін) 1,4 еселенген ең төменгі жалақыдан – 5%, АҚК негізінде еңбек ететін тұлғалар 2020 жылы айлық табысынан – 1%, 2021 жылдан бастап – 2%, өзге санаттар ең төменгі жалақыдан – 5%. Мемлекет 2020 жылы жеңілдігі бар санаттар үшін мемлекеттік статистика органы тарапынан өткен 2 жылға бекітілген орташа айлық жалақының 1,4% көлемінде жарна аударады, жұмыс беруші жалдамалы жұмыскерлердің табысынан алынатын жарнаны ұстап қорға аударып отырады (2020-2021жж – 1%, 2022ж – 2%).