15 мамыр - Халықаралық отбасы күні
oldkaz.kyzylorda-news.kz. 1993 жылдан БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген бұл күнді белгілеу – әлемдік қауымдастықтың отбасының қазіргі жағдайы мен оның қоғам өміріндегі және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына алаңдаушылық туғызуына орай жүзеге асып отыр.
Адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді. Отбасы - сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі.
Әлемде отбасының негізгі міндеті – балаларды өсіру, оларға лайықты білім беру және адамзаттың қилы қатынастар әлемінде өз орнын табуға көмектесу, сол үшін отбасы берік және сенімді тірек болуы тиіс деген ұғым қалыптасқан.
Отбасы ұрпақтан-ұрпаққа біздіӊ мәдени құндылықтарымызды, ұлттық дәстүрімізді сақтау мен беруге арналған маӊызды орта, сондықтан ол балаларды, қарттарды және мүгедектерді адамгершілік және материалдық тұрғыдан қолдайды.
Халықаралық отбасы күнін өткізу отбасы мәртебесін көтеруге, маӊызды мәселелерді және қажеттіліктерді түсінуді жақсартуға мүмкіндік береді.
Елбасы Жарлығымен бұл мереке Қазақстанда қыркүйек айының екінші жексенбісі күні тойланатын болды. Оның мақсаты – жанұялық құндылықтарды нығайту.Отбасы күні күнделікті қарбаластан отбасылық бақытты көруге мүмкіндік береді. Сондықтан бүгінгі Халықаралық отбасы күнін сылтау етіп, жақыныңызға алғыс сөз айтып, сыйластық білдіріңіз!
Отбасының аман-саулығы - әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі.