Қазақстан Президенті Қызылорда облысындағы өңірлік «Рухани жаңғыру» орталығында болды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысына орталықтың негізгі қызметі жөнінде мәлімет берілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Жергілікті бюджет есебінен бой көтерген бұл орталық «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» сияқты бағыттар бойынша жұмыс істейді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту жөніндегі шаһардың бас жоспары таныстырылды.
Аумағы 1,5 мыңнан астам гектар жерді қамтитын бұл құрылыс алаңына тиісті инфрақұрылымдар жүргізілген. Мемлекет басшысына алдағы уақытта бұл жерде неке сарайы, өрт сөндіру депосы, 900 орындық орта мектеп, тұрғын үйлер, отбасылық медицина орталығы және басқа да әлеуметтік нысандар салынатыны жөнінде баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының құрылыс саласындағы көрсеткіші жоғары екенін атап өтіп, шаһардың өркендеп келе жатқанына тоқталды.
– Қала құрылысына осы саладағы үздік тәжірибелерді қолдану керек. Жаңа теxнология мен құрылыс материалдарын пайдаланып, «Ақылды қала» (Smart City) жүйесінің компоненттерін белсенді түрде енгізу қажет, – деді Қазақстан Президенті.